Алатау қалалық кітапханасы «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын насихаттау аясында «Еңбек» ықшамауданындағы №7 орта мектеп оқушыларымен танымдық кездесу ұйымдастырды. Мақсаты – оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру, жас ұрпақты білімге, ізденіске және рухани құндылықтарды құрметтеуге баулу.
Кездесу барысында кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызы, кітап оқудың пайдасы және оның жас ұрпақтың ой-өрісін дамытудағы рөлі туралы айтылды. Оқушыларға кітапты тұрақты оқудың білімді тереңдетуге, тіл байлығын арттыруға, сауатты сөйлеуге және өз ойын еркін жеткізуге ықпал ететіні түсіндірілді. Сонымен қатар оқушыларды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларымен танысуға, ұлттық әдеби мұраны бағалауға және бос уақыттарын пайдалы өткізуге шақырды.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітаптың беделін арттыруға және жас ұрпақты кітаппен дос болуға үндейтін маңызды бастама. Осындай игі шаралар арқылы оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы, білімге құштарлығы арта түседі. Алатау қалалық кітапханасы алдағы уақытта да кітап оқу мәдениетін насихаттауға, оқырмандар қатарын көбейтуге және жас ұрпақтың рухани дамуына бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді. Кітаппен дос болған жас ұрпақтың ойы озық, рухы биік, болашағы жарқын болмақ!
Аида Сегізбаева,
Алатау қалалық кітапхана қызметкері

