Перейти к содержимому

Үш қырында – үш тұлға

27 қаралым

Биыл Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінің ашылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай музейге арнайы сый ретінде табысталған үш қырлы торсықтың да сақталғанына дәл осындай уақыт өтті. Сондықтан бұл жәдігерді музейдің отыз жылдық тарихымен сабақтасып жатқан құнды мұра ретінде бағалауға болады.

Жәдігердің өлшемі – 63х30 см. Негізгі материалы – бұзау терісі, жасалу техникасы – қол жұмысы. Үшбұрышты тұғырға қойылған торсықтың үш қыры таспаланып, жиектері мұқият көмкеріліп тігілген. Жоғары жағында мойын тәрізді тік орналасқан бөлігі бар. Онда металл түсті жиекпен бекітілген қақпақ орналасып, оның үстінде бұйымды сәндеп тұрған ерекше өрнекті тұтқа тәрізді бөлік көрінеді. Бұл элемент торсықтың жалпы композициясын толықтырып, оны жай ғана сусын құятын ыдыс емес, сәндік-қолданбалы өнер туындысы ретінде көрсетеді.
Торсықтың түсі негізінен қоңыр, қара қоңыр, сарғыш-қоңыр реңктерден тұрады. Терінің табиғи фактурасы жақсы сақталған. Екі бүйіріндегі жоғары қарай иіліп, мүйіз тәрізді қалыпта жасалған бөліктері ерекше назар аудартады. Бұл иірімдер қазақтың дәстүрлі ою-өрнек мәдениетімен үндеседі. Олар бұйымның барлық бөлігін өзара байланыстырып, біртұтас көркемдік шешім қалыптастырған.
Бұл жәдігердің ең басты ерекшелігі – оның үш қырында қазақтың әйгілі ақындары бейнеленген. Бірінші қырында Сүйінбай Аронұлының келбеті байсалды әрі ойлы сипатта берілген. Айналасына сәндік өрнектер түсіріліп, портрет сопақша медальон тәрізді композицияның ішіне орналастырылған. Екінші қырында Жамбыл Жабаевтың бейнесі орын алған. Сүйінбайды пір тұтып, оның батасын алған Жамбыл қазақтың суырыпсалма ақындық дәстүрін жаңа биікке көтерді. Сондықтан бұл екі тұлғаның бір жәдігерде қатар орналасуы – қазақтың айтыс өнеріндегі рухани жалғастықтың көркем белгісі. Үшінші қырындағы Жамбылдың шәкірті Кенен Әзірбаевтың бейнесі жәдігердің мазмұнын одан әрі кеңейтіп, үш дәуірдің, үш буынның өнер сабақтастығын көрсетеді.
Ақындар бейнесі қарапайым жазық сурет түрінде емес, тері бетіне бедерлі түрде түсірілген. Соның арқасында адамның бет әлпеті, сақалы, киім үлгісі және жалпы тұлғасы белгілі бір дәрежеде көлемді көрінеді. Бұл – шебердің терімен жұмыс істеу техникасын жақсы меңгергенін көрсететін белгі.
Үш қырлы торсықтың құндылығы оның материалынан немесе жасалу шеберлігінен ғана көрінбейді. Оның ең басты ерекшелігі – тарихи оқиғамен және қазақтың үш бірдей көрнекті өнер тұлғасымен сабақтастығында.
Тұғыр мен торсықтың бірге жасалғандай әсер қалдыруы жәдігердің жалпы композициялық тұтастығын сақтайды. Тұғырдың екі бүйірінде төмен қарай салбырап тұрған сәндік шашақтар мен баулар бар. Олар бұйымға этнографиялық сипат беріп, дәстүрлі сәндеу элементтерін еске түсіреді.
Торсыққа тереңірек үңілген сайын оның сыртқы әсемдігінен бөлек, ішкі идеясы да айқындала түседі. Сүйінбайдан Жамбылға, Жамбылдан Кененге жалғасқан ақындық, әншілік, жыршылық өнер – халқымыздың рухани қазынасының үзілмес арнасы.
Уақыт өткен сайын мұндай жәдігерлердің құндылығы тек материалдық тұрғыдан ғана емес, тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық рух пен мәдени мұраны сақтаудағы маңызы жағынан да арта түсетіні анық.

Қарлығаш Мүшірова,
Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды
музейінің ғылыми қызметкері
Жамбыл ауданы

↑