Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Таза Қазақстан: Алматы облысында 2350 түп ағаш егілді

Таза Қазақстан: Алматы облысында 2350 түп ағаш егілді

40 қаралым


Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті қалалық сенбілік өтті. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, өңір жастары және еріктілер қатысты.
Табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу мақсатындағы бұл шарада қатысушылар таңмен таласа қала маңындағы жол бойын мен шағын аудандарды қоқыстан тазартты.
Бүгінде Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қарқынмен қолдау табуда. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының ақпаратына сүйенер болсақ, тұтас облыс аумағында өткен тазалық шарасына 18 420 адам қатысып, 298 тонна қалдық шығарылған. Сонымен қоса 326 гектар аумақ тазартылып, 2350 түп ағаш егілген. «Бізде тазалық жұмыстары 38 апта бойы жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 929 мыңға жуық адам қатысып, 21 мың тонна қоқыс шығарылып, 13000 гектар аумақ тазаланды. Сонымен қоса 127 мың түп ағаш отырғызылды», – дейді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының бөлім басшысы Әлина Түсіпбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр апта сайын бекітілген жоспарға сәйкес, қаладағы қоғамдық орындар ретке келтіріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жалғасын тауып, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға өз үлесін қоса бермек. «Қонаев қаласындағы сенбілік өңірдің экологиялық тұрақты болашағына қарай тағы бір маңызды қадам болды. Бүгін күрек ұстаған әрбір адам өз туған өлкесінің келбетін жақсартуға үлес қосып, пайдалы іс атқарғанын сезінді», – дейді тазалық шарасына қатысқан Азмат есімді қала тұрғыны.

Ерзат АСЫЛ

↑