Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен парасаттың қайнар көзі. Кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымы тереңдейді, сөздік қоры молайып, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Кітап – адамды ізгілікке тәрбиелейтін, жақсылыққа жетелейтін, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Бүгінгі таңда елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, халықтың рухани және зияткерлік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Президент өз Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасының түпкі мақсаты – кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру, қоғамда тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру, білімді, ойлы, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеу. Бұл – тек кітапханаларға жүктелген міндет емес, барша қоғамға ортақ жауапкершілік.
Осы игі бастаманы қолдау мақсатында Балқаш ауданына қарасты Балатопар ауылдық кітапханада да жүйелі насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Кітап көрмелері, әдеби шолулар, танымдық кездесулер, кітап оқу марафондары мен түрлі мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырылып, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Кітапхана сөрелеріндегі қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлем классиктерінің шығармалары, тарихи және танымдық туындылар оқырман назарына ұсынылып келеді. Кітап оқу – тек бос уақытты тиімді өткізудің жолы емес. Ол – адамның ішкі жан дүниесін байытып, ойлау қабілетін дамытатын, өмірлік тәжірибесін толықтыратын ерекше рухани қажеттілік. Көркем әдебиет адамды мейірімділікке, адамгершілікке, сабырлылық пен ізгілікке баулыса, тарихи шығармалар өткенімізді танып, ұлттық санамызды қалыптастыруға ықпал етеді. Ғылыми-танымдық әдебиеттер білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа дүниелерді үйренуге мүмкіндік береді. Ал рухани-танымдық кітаптар адамды өзін-өзі тануға, жақсы мен жаманды ажыратуға, өмірдің мәнін түсінуге жетелейді.
Бүгінгі ақпараттық заманда кітаптың қадірі бұрынғыдан да арта түсті. Әлеуметтік желілер мен қысқа ақпараттарға тәуелді болып бара жатқан қоғам үшін кітап оқу – терең ойлаудың, ақпаратты сараптаудың, өз пікірін қалыптастырудың маңызды құралы. Кітап оқитын адам кез келген мәселенің байыбына барып, ойын жүйелі жеткізе алады. Сондықтан кітап оқу – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың дамуына ықпал ететін құндылық. Ал «Кітап оқитын ұлт» жобасының ерекшелігі – кітап оқуды белгілі бір жас санатымен шектемей, қоғамның барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыруында. Бұл бастама аясында мектеп оқушысы да, ұстаз да, мемлекеттік қызметші де, еңбек адамы да, зейнеткер де кітап оқудың игілігін сезіне алады. Осындай мақсатқа сәйкес Балатопар ауылының тұрғындарының да кітап оқуға деген ықыласы артып, оқу мәдениетінің қалыптасуына деген ұмтылыстары артып келеді.
Сәуле ШОЛАХОВА,
Балатопар ауылының
ауылыдық кітапханашысы
Балқаш ауданы

