Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ БЕЙНЕСІ – ӘДЕП ПЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТА

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ БЕЙНЕСІ – ӘДЕП ПЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТА

46 қаралым

Мемлекеттік қызмет – халықтың сеніміне негізделген жауапты қызмет. Ал сол сенімді қалыптастыру мен нығайту әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігіне ғана емес, оның адамгершілігіне, мәдениетіне, қарапайымдылығы мен қызметтік әдебіне тікелей байланысты.

Бүгінгі қоғам мемлекеттік қызметшіден ашықтықты, адалдықты, әділдікті және халықпен тығыз байланыс орнатуды талап етеді. Себебі мемлекеттік органның жұмысына баға бергенде азаматтар ең алдымен сол мекеме өкілдерінің қарым-қатынасына, мәселелерді шешуге деген көзқарасына назар аударады.

Мемлекеттік қызметші халықтан алшақ болмауы керек. Керісінше, тұрғындармен ашық сөйлесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, әрбір мәселеге түсіністікпен қарауы қажет. Қарапайым азаматтың сұрағына жауап беру, қабылдау кезінде жылы жүз таныту, мәселені соңына дейін жеткізу – қызметтік әдептің күнделікті өмірдегі нақты көрінісі.

Әсіресе, қарапайымдылық – мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс маңызды қасиеттердің бірі. Лауазым адамның қоғамдағы орнын өзгелерден жоғары қоюға негіз болмауы керек. Қандай қызмет атқарса да, әрбір мемлекеттік қызметші өзінің мінез-құлқымен, сөзімен және ісімен үлгі көрсетуі тиіс.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі әдеп талаптары айқындалған. Олардың қатарында адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту және қоғамның сындарлы пікіріне құлақ асу қағидаттары бар.

Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде мемлекеттік қызметшілер арасында осы құндылықтарды қалыптастыру мен түсіндіруді маңызды міндеттердің бірі деп санаймын. Бұл бағыттағы жұмыс тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмейді. Ең бастысы – әрбір қызметшінің бойында жауапкершілік, өзара құрмет және халыққа қызмет ету мәдениетін қалыптастыру.

Мемлекеттік қызметтің беделі – бір адамның немесе бір мекеменің ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өзінің күнделікті іс-әрекеті арқылы халықтың сенімін нығайтуға үлес қосуы қажет.

Өйткені мемлекеттік қызметшінің шынайы беделі оның лауазымымен емес, қарапайымдылығымен, адамгершілігімен және халыққа жасаған қызметімен өлшенеді.

Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі

↑