Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қаражат қайтарылды, құқықтар қалпына келтірілді: Алматы облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстарының нәтижелері

Қаражат қайтарылды, құқықтар қалпына келтірілді: Алматы облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстарының нәтижелері

22 қаралым

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – азаматтардың күнделікті өмірімен тығыз байланысты маңызды бағыттардың бірі. Сапалы тауар сатып алу, тиісті қызмет алу және заңды мүдделерінің сақталуы – әрбір тұтынушының негізгі құқықтары. Осы бағытта Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

2026 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша Департаментке азаматтардан 4 311 өтініш келіп түсті. Өткен жылдың осы кезеңінде 1 536 өтініш тіркелген. Осылайша, өтініштер саны шамамен үш есеге артқан.

Бұл көрсеткіш, бір жағынан, тұтыну нарығындағы өзекті мәселелердің бар екенін көрсетсе, екінші жағынан, халықтың құқықтық сауаттылығы мен өз құқықтарын қорғауға деген белсенділігінің артқанын аңғартады.

Өтініштердің басым бөлігі электрондық сауда, тұрмыстық және білім беру қызметтері, коммуналдық сала және басқа да бағыттарға қатысты. Азаматтар көбінесе ақшалай қаражатты қайтарудан бас тарту, сапасыз тауарларды сату, шарттық міндеттемелерді орындамау, сондай-ақ сатушылар мен қызмет көрсетушілердің заңды талаптарды орындамауы мәселелері бойынша жүгінеді.

Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру – басты міндет

Департамент жұмысының негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартумен ғана шектелмей, ең алдымен тұтынушылардың бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіру.

Есепті кезеңде Департамент тарапынан 178 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 4 384 799 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар тұтынушылардың өтініштерін қарау және кәсіпкерлермен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде азаматтарға 90,4 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Бұл – өз құқықтарын қорғау үшін Департаментке жүгінген азаматтарға көрсетілген нақты көмектің нәтижесі. Әрбір қайтарылған қаражат – шешімін тапқан мәселе және қалпына келтірілген тұтынушылық құқық.

Дауларды сотқа дейін шешу – тиімді тетік

Тұтынушылардың құқықтарын қорғауда сотқа дейінгі дауларды реттеу тетігінің маңызы зор. Департамент мамандары азаматтарға заңнама талаптарын түсіндіріп, сотқа дейінгі наразылықтарды дайындауға жәрдемдеседі және кәсіпкерлік субъектілерімен өзара жұмыс жүргізеді.

Нәтижесінде бірқатар даулы мәселелер сотқа жүгінбей-ақ шешімін табады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, бұзылған құқықтарын қысқа мерзімде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Департамент кәсіпкерлер арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізеді. Атап айтқанда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарын сақтау, тауарлар мен қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, шарттық міндеттемелерді орындау және тұтынушылардың заңды талаптарын уақтылы қанағаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Тұтынушы өз құқығын білуі керек

Департамент мамандары азаматтарға тауар сатып алу немесе қызметке тапсырыс беру кезінде сатушы немесе қызмет көрсетуші туралы ақпаратпен мұқият танысуды ұсынады. Сондай-ақ кассалық чектерді, шарттарды, кепілдік құжаттарын, төлем түбіртектерін және сатушымен жүргізілген хат-хабарларды сақтау маңызды.

Егер тауарға немесе көрсетілген қызметке қатысты мәселе туындаса, тұтынушы алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша наразылық жолдауы қажет. Ал заңды талаптар орындалмаған жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық департаментке жүгінуге құқылы.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, кәсіпкерлер мен азаматтардың да ортақ жауапкершілігі. Кәсіпкерлер заң талаптарын сақтап, өз міндеттемелерін адал орындаса, ал тұтынушылар өз құқықтарын біліп, оларды қорғау тетіктерін дұрыс пайдаланса, тұтыну нарығындағы сенім мен жауапкершілік деңгейі арта түседі.

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың өтініштерін қарау, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.

Өйткені тұтынушының құқығын қорғау – оның сенімін қорғау, ал бұзылған құқықты қалпына келтіру – жұмыстың ең басты нәтижесі.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің

Алматы облысы бойынша сауда және

тұтынушылардың құқықтарын қорғау

департаментінің бас маманы Д.Сенбаева

↑