Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қазақстанда автомобиль жолдары туралы мәліметтерді біріктіретін E-Joldar платформасы іске қосылады

Қазақстанда автомобиль жолдары туралы мәліметтерді біріктіретін E-Joldar платформасы іске қосылады

19 қаралым

Қазақстанда автомобиль жолдарының жағдайы, құрылыс және жөндеу жұмыстары, сондай-ақ олардың сапасын бақылау туралы мәліметтерді бір жүйеге жинақтайтын E-Joldar цифрлық платформасы жасалып жатыр. Жоба жол инфрақұрылымына қатысты ақпаратты орталықтандыруға және оны тұрғындар, салалық ұйымдар мен мемлекеттік органдар үшін қолжетімді етуге бағытталған.Жаңа жүйе жол саласында қолданылатын ақпараттық ресурстарды бір цифрлық кеңістікке біріктіреді. Жоспар бойынша платформа 12 ақпараттық жүйемен интеграцияланады. Қазіргі таңда оған республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам автомобиль жолы жөніндегі ақпарат енгізілген.

E-Joldar аясында әрбір автомобиль жолы мен оның жеке учаскелері бойынша электрондық деректер қоры қалыптастырылады. Онда жолдың техникалық параметрлері, атқарылған жөндеу жұмыстары, мердігер компаниялар, пайдаланылған материалдар, зертханалық сынақтардың қорытындылары және азаматтардың жол сапасына қатысты өтініштері қамтылады. Соның арқасында белгілі бір учаскеде қандай жұмыстар орындалғанын, құрылыс кезінде қандай материалдар пайдаланылғанын және олардың сапасы зертханалық тексеруден өткен-өтпегенін анықтауға болады. Бұған қоса, бақылау барысында тіркелген кемшіліктер де жүйеде сақталады. Бұл деректер жол жабынының тозу деңгейін бағалауға, жөндеу жұмыстарының нәтижесін саралауға және жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына әсер ететін факторларды анықтауға мүмкіндік береді.

Платформаның ақпараттық базасына жол саласында пайдаланылып жүрген бірнеше цифрлық жүйенің мәліметтері енгізіледі. Олардың ішінде KazRoadLab, RoadIQ және Sapar жүйелері бар. KazRoadLab жол жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын тексеру, зертханалық сынақтардың нәтижелерін тіркеу бағытында жұмыс істейді. RoadIQ жолдардың техникалық жағдайын талдап, жөндеуді қажет ететін учаскелерді анықтауға және жөндеу жоспарын әзірлеуге көмектеседі. Ал Sapar жол бойындағы қызмет көрсету нысандары туралы ақпарат ұсынады.

Сондай-ақ E-Joldar платформасын e-Otinish жүйесімен интеграциялау жоспарланған. Бұл азаматтардан келіп түскен жолдардың жағдайына қатысты өтініштерді нақты учаскелер бойынша тіркеуге және оларды тексеру нәтижелерімен салыстыруға жағдай жасайды. Осы арқылы жол қызметтері белгілі бір аумақтағы мәселелерді қарастырғанда техникалық көрсеткіштерді ғана емес, тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын да ескере алады.

Цифрлық жүйе қарапайым азаматтар үшін де ақпарат көзі болмақ. Пайдаланушылар жолдардың қазіргі жағдайы, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары туралы мәліметтермен таныса алады. Сонымен бірге қажетті бағыт бойынша жанармай құю бекеттері, демалыс аймақтары, тамақтану орындары және өзге де жол бойындағы сервистік нысандарды табу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жүргізушілерге сапар алдында қажетті ақпаратты жинақтап, қозғалыс бағытын жоспарлауға көмектеседі.

E-Joldar жол құрылысы мен жөндеу кезінде қолданылатын материалдардың сапасын бақылауға да мүмкіндік береді. Жүйеде материалдардың түрлері, олардың қай учаскеде пайдаланылғаны және зертханалық сынақтардың нәтижелері өзара байланыстырылады. Нәтижесінде әр жол бөлігі бойынша бұрын орындалған жұмыстар, тексеру қорытындылары және анықталған ақаулар туралы ақпаратты бір жерден көруге болады. Бұл жол жабынының сапасын кешенді бағалауға және орындалған жұмыстардың нәтижесін бақылауға негіз болады.

Платформаның тағы бір міндеті — жөндеу жұмыстарын жоспарлау кезінде қаржылық және техникалық басымдықтарды дұрыс айқындауға жәрдемдесу. Жөндеуді қажет ететін жол учаскелерін іріктеу барысында жабынның жағдайы, көлік ағынының қарқындылығы, бұрын жүргізілген жұмыстар мен техникалық тексерулердің нәтижелері ескеріледі. Жинақталған ақпаратты саралау арқылы жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте қажет ететін учаскелерді анықтауға болады. Бұл бюджет қаражатын тиімді бөлуге, оны нақты қажеттілігі бар жолдарға бағыттауға және жол жабынының одан әрі бұзылуының алдын алуға бағытталған шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта E-Joldar платформасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірыңғай цифрлық жүйені 2027 жылдың жазында іске қосу жоспарланған. Жоба аясында жол инфрақұрылымы туралы мәліметтердің қолжетімділігін арттыру, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау тетіктерін жетілдіру, жөндеу үдерісін тиімді жоспарлау және Қазақстанның автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен дамытуға бөлінетін қаражатты нақты қажеттіліктерге сәйкес бағыттау көзделген.

↑