Алматы облысының Іле ауданында «JTI» компаниясының жаңа өндіріс ошағы салынады. Бүгін жалпы аумағы 21 000 шаршы метр болатын кешеннің іргетасы қаланды. Жобаға 30 млн долларға жуық инвестиция тартылып отыр. Құрылыс жұмысы 2028 жылдың басында аяқталады. Бұл салық түсімінің өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«JTI» – елімізде 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көшбасшы компаниялардың бірі. Соңғы 10 жылда Қазақстан экономикасына 160 млн долларға жуық инвестиция салды. Бүгінде 800-ден астам жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр.
Салтанатты шара барысында Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов пен аталған компания басшылығы нысанның іргетасына уақыт капсуласын салды.

Алғашқы болып Алматы облысының әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін маңызын атап өтті.
«Алматы облысы – ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аймақ. Біз өңірдің осындай іскерлік мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, әрдайым инвесторлармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Осы ретте, ширек ғасырдан астам уақыт бойы сенімді әріптес болып келе жатқан «JTI» компаниясының орны бөлек. Бүгін капсуласы салынған жаңа қойма кешені осы ынтымақтастықтың жаңа белесі деп білеміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
«JTI» компаниясының аға вице-президенті Филип Ливингстон өңірдегі өндіріс ошағын дамыту ісі жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
«Бүгінде Қазақстанда өндірілген өнімге сұраныс артып келеді. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан біз өнімді ішкі нарықпен қатар, шетелдерге де экспорттаймыз. Өндірістің қуатын еселеу үшін қосымша инвестиция құюға дайынбыз. Келесі жылы өнімнің жартысына жуығын экспортқа шығаруды көздеп отырмыз», – деді Филип Ливингстон.
Жаңа кешенде экологиялық қауіпсіздікті сақтауға ерекше назар аударылады. Ол үшін озық технологиялар мен заманауи логистикалық тәсілдер қолданылады. Атап айтқанда, өндіріс автоматты басқару жүйесімен жабдықталады деп жоспарланып отыр. Бұл қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, тез әрі оңтайлы шешім қабылдауға жәрдемдеседі. Сондай-ақ қалдықтар қайта өңделіп, оның көп бөлігі ауыл шаруашылығы саласында тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Ал электр энергиясын қайта жаңғыртылатын көздерден алады. Жаңа кешен іске қосылған соң Орталық Азия мен Моңғолия нарығындағы артып келе жатқан сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ
«Алатау – Ақпарат»

