Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Алматы облысында «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

58 қаралым

Алматы облысында этножурналистика бағытындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Өңірлік журналистиканы дамытуды мақсат тұтқан байқауда журналистер, видеографтар және блогерлер бақ сынады.
Шығармашылық байқаудың алғашқы кезеңіне 24 өтінімі келіп түсті. Қазылар алқасы әр жұмысты мұқият қарап, тақырыптың терең ашылуы мен авторлардың кәсіби шеберлігіне баға берді. Іріктеу қорытындысы бойынша екі номинация бойынша үздік деп танылған алты қатысушы финалға жолдама алды.
Марапаттау рәсімін Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсел Жалғаспаева ашты. Ол өз сөзінде қазіргі қоғамдағы медиа қызметкерлерінің айрықша миссиясына тоқталды.
– Байқаудың басты мақсаты – тың идеялар мен шығармашылық бастамаларды қолдау, мазмұнды әрі жауапты контент қалыптастыру, сондай-ақ авторлардың еңбегіне лайықты баға беру. Ақпарат дәуірінде журналистердің, блогерлердің, сарапшылардың атқарар рөлі зор. Сіздер облыстың тыныс-тіршілігі мен игі бастамаларды халыққа жеткізу арқылы қоғамдық келісімді нығайтуға зор үлес қосып келесіздер. Бүгінгі байқау сіздердің алдағы жұмыстарыңызға шабыт береді деп сенеміз, — деді ол.
Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Зәбира Сайдильдина да сөз сөйлеп, «Шаңырақ» байқауы үлкен патриотизмнің көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ өзі жетекшілік ететін облыстық этножурналистер клубының жаңартылған бағдарлама бойынша жұмысын қайта жандандыратынын жеткізді. Бұл алаң жас қаламгерлер үшін нағыз кәсіби мектепке айналып, әріптестер этносаралық тақырыпта терең аналитикалық және көркем материалдар дайындаудың қыр-сырын меңгеретін болады.
Байқау комиссиясының құрамына облыстық басылымдардың басшылары мен салалық бөлімдердің жетекшілері енді. Келіп түскен жұмыстарды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсел Жалғаспаева, «Огни Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Алматы облыстық этножурналистер клубының төрағасы Зәбира Сайділдина, «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұңғатар, Qonaev Media телеарнасы басшысының орынбасары Самат Жаманбаев және Alataunews.kz ақпараттық бөлімінің жетекшісі Азамат Сарғожин саралады.
Алғаш болып «Үздік бейнеролик» номинациясының жеңімпаздары марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен мазмұнды бейнеконтент жасай білген видеограф Марат Толқыновқа 3-орынға лайық деп танылды. Сөз бен бейнені сәтті ұштастыра білген тәжірибелі тележурналист әрі тележүргізуші Сәкен Құттықбай 2-орын иеленді.
Ал байқаудың бас жүлдесі блогер, видеограф-монтажер, Alataunews.kz ақпараттық бөлімінің қызметкері және Live Konaev ресми парақшасының жетекшісі Дамир Нұрқасымға бұйырды. Ол байқауға жазда Шалкөде биік таулы жайлауында өткен «Хан Тәңірінің қазынасы» халықаралық этнофестивалі туралы бейнеролик ұсынған.
– Бұл фестиваль мәдени мұрамызды, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді, – деп әсерімен бөлісті Дамир Нұрқасым. – Мерекеге келгендер ұмытылмас әсер алды. Ал менің басты міндетім – жайлаудың жанды атмосферасын экран арқылы сол жерге келе алмаған көрермендерге жеткізу еді. Байқаудағы жеңіс маған алдағы уақытта да Алматы облысының көрікті жерлері мен ауқымды мәдени шараларын түсіруге күш-қуат береді.
«Бұқаралық ақпарат құралдары» номинациясында да тартысты бәсеке болды. Бұл аталым бойынша Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистрі Кальбинур Хошназарова 3-орын еншіледі. Оқырмандарға «Отанға қызмет етемін» арнайы беті мен «Ақ желкен» балалар айдары арқылы жақсы таныс «Огни Алатау» газетінің журналисі Айнұр Төлеуханқызына 2-орын бұйырды.
Ал номинацияның бас жүлдесін Іле аудандық «Іле таңы» газетінің тілшісі Диана Қанатова жеңіп алды.
Диана байқауға аудандық газет редакциясының жанында жұмыс істейтін жергілікті волонтерлер клубы туралы материал ұсынған.
– Байқау туралы естіген сәтте-ақ кім туралы жазатынымды бірден түсіндім, – деді Диана Қанатова. – Оқырманның жүрегіне жол табу үшін сторителлинг форматын таңдадым. Материалды дайындау барысында жақында анасы өмірден өтіп, бес баласымен жалғыз қалған әкенің тағдыры мені ерекше толқытты. Ер адамға барлық тұрмыстық қиындықты жалғыз еңсеру оңайға соқпағандықтан, ол волонтерлерден көмек сұраған. Біз оған қажетті заттар мен азық-түлік жеткізген кезде отағасының көзіне жас келді. Осындай сәттерде халқымыздың бірлігі мен өзара қолдауының қаншалықты зор күш екенін түсінесің.
Жеңімпаздың айтуынша, очерк жазу барысында ол магистратурада оқып жүрген кезінде меңгерген сторителлинг дағдыларын алғаш рет тәжірибе жүзінде қолданып көрген. Сонымен қатар бұл жұмыс оның этножурналистика саласындағы алғашқы қадамы болды. Диана сахна төрінде облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қоғамдық келісім және даму орталығының жас авторларға көрсетіп отырған қолдауы мен кәсіби өсуіне жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.
Марапаттау рәсімі соңында ұйымдастырушылар байқауға қатысушыларға жаңа шығармашылық табыстар тілеп, облыстық кезеңнің жеңімпаздары алдағы республикалық байқауларда өңір намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді. Олар өздерінің шынайы туындылары арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өз үлестерін қоса бермек.


Алма ЕСЕНБАЙ

↑