Ел үшін маңызды күні Ұйғыр ауданының тұрғындары сайлау учаскелеріне отбасымен келіп, бірі жаттығудан кейін, енді бірі күнделікті жұмыс кестесінен уақыт тауып, өз таңдауын жасады. Олардың әрқайсысы үшін бұл жай ғана жеке шешім емес, туған ауылының, ауданының және тұтас елдің болашағына деген көзқарасын білдірудің мүмкіндігі болды.
Шонжы ауылындағы №929 сайлау учаскесінде Ұйғыр ауданының спорт саласының өкілдері де белсенділік танытты. Күнделікті уақыты спорт залдарында, күрес кілемінде, спорт алаңдары мен жүгіру жолдарында өтетін азаматтар өздерінің дауыс беру құқығын пайдаланып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге келді.
Спортта жетістікке жету кездейсоқтыққа емес, тұрақты еңбекке, тәртіпке және соңғы сәтке дейін табандылық танытуға байланысты. Спортшылардың айтуынша, жинақылық, төзімділік пен нәтижеге ұмтылу секілді қасиеттердің туған ауылдың ертеңі сөз болғанда да маңызы зор.
– Спортта әр қадамыңа, тәртібіңе және команданың ортақ нәтижесіне жауап бересің. Өмірде де дәл солай. Ауданымыз бен балаларымыздың болашағы шешілетін кезде сырт қалуға болмайды, – деп атап өтті Ұйғыр ауданы спорт қауымдастығының өкілдерінің бірі.
Жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жас спортшылар өздерінің жаттықтырушылары мен биік белестерді бағындырған аға буын өкілдерінен үлгі алады. Олардың мақсаткерлігі, еңбекқорлығы мен жеңіске деген жігері спорттағы үлкен жолдың маңызды бөлігіне айналып келеді. Мемлекет басшысы айқындаған балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және дені сау, күшті әрі төзімді ұрпақ тәрбиелеу міндеттерін жүзеге асыруға әрқайсысы отандық спорттың өркендеуіне өз үлесін қосуда.
«Алатау – Ақпарат»

