Қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады. Әулет үлкендері Салтанат Тезекбайқызы мен Мұратхан Әлімқұлұлы бастаған кейінгі буын өкілдері таңертең Жамбыл ауданының Жамбыл ауылындағы орта мектепте орналасқан №296 сайлау учаскесіне ұйымшылдықпен келді.
Жамбыл атадан қалған өнеге — елдікті, бірлікті, туған жерді қадірлеу. Бүгінгі ұрпақтың ел өміріндегі маңызды оқиғаға қатысуы — осы құндылықтардың жалғасы. Сайлау учаскесіне келген Жамбыл ата ұрпақтары азаматтық борышын орындап, ел болашағына қатысты өз ұстанымдарын білдірді.
Ұрпақтар сабақтастығы — өткенді құрметтеп, болашаққа сеніммен қараудан басталады. Бүгінгі таңдау да — осы сабақтастықтың бір көрінісі. Жамбыл атаның жыры елмен бірге жасаса, оның ұрпағының таңдауы да ел ертеңімен үндеседі.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы

