Қарадаланың атын алыс-жақын шетелдерге танытып, талай дүбірлі додада ел намысын қорғап жүрген Нодаржан Хамруллаевты аудан жұртшылығы жақсы біледі. Тағдырдың ауыр сынағына мойымай, спортта үлкен жетістіктерге жеткен жерлесіміз қоғамдық өмірінен де шет қалған емес. Бүгін өтіп жатқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында Нодаржан инватакси қызметін пайдаланып, өзі тіркелген сайлау учаскесіне ұлымен бірге келіп, дауыс берді.
Нодаржанның жүріп өткен өмір жолының өзі бір үлкен әңгімеге арқау боларлық. Небәрі жиырма жасында, әскери борышын өтеп жүрген кезінде жол апатына ұшырап, ауыр жарақат алған азаматқа І топ мүгедектігі беріледі. Десе де тағдырдың бұл сынағы оның өмірге деген құштарлығын сөндіре алмады. 2009 жылы парапауэрлифтингпен шұғылдана бастаған Нодаржан аз ғана жылдың ішінде үлкен спорттың биігіне көтерілді. 2011 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2013 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, спорт ардагерлері арасында Азия және әлем чемпионы болды. 2011-2023 жылдары Қазақстан чемпионы атанып, 2019 жылы Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді.
Спортта осындай жетістіктерге жеткен Нодаржан сайлауға қатысуды да өзінің азаматтық міндеті деп біледі. Әрбір қазақстандықтың өз таңдауын жасауы маңызды екенін айтқан жерлесіміз спортта қандай белсенді болса, саяси науқандарда да сондай белсенді екенін жеткізді.
Бұл күні Нодаржанның сайлау учаскесіне келуіне инватакси қызметі қолайлы жағдай жасады. Осындай қызметтің арқасында жүріп-тұруы қиын азаматтардың да сайлау учаскесіне өздері келіп, дауыс беруіне мүмкіндік туып отыр.
Адамның қоғамдағы орнын оның атқарған ісінен, өмірге деген көзқарасынан аңғарамыз ғой. Талай жыл бойы спортта ел намысын қорғап келе жатқан Нодаржанның бүгін ұлымен бірге сайлауға қатысуынан да оның азаматтық ұстанымын байқадық. Әке өнегесі деген де осындай істерден басталса керек.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы

