Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «ақылды қала» жобаларын іске асыру мақсатында 109 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Олжас Артықбайдың айтуынша, “Smart City” тұжырымдамасы аясында құрылған бірыңғай байланыс орталығы 11 қаңтарда сынақ ретінде жұмыс істей бастаған. “Орталық тұрғындардың ұялы телефон мен қалалық телефон арқылы білдірген өтініштері мен арыз-шағымдарын коммуналдық мекемелер мен мемлекеттік органдарға жеткізетін диспетчерлік қызмет көрсету мақсатында құрылған. Мұның тиімді тұсы – тұрғындар өздеріне қажетті коммуналдық немесе мемлекеттік мекемелерге барып әуре болмай-ақ, үйде отырып өтініші мен талап-тілектерін үйде отырып “109” қызметіне телефон шалып жеткізе алады”, – дейді Олжас Артықбай.
Тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейтін Орталық операторлары барлық коммуналдық мекемелермен және жауапты мемлекеттік органдар – департаменттер мен әкімдіктермен тікелей байланыс орнатқан. Олжас Бауыржанұлының дерегінше, Орталыққа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қаланы абаттандыру мәселелері бойынша сұрақтар түсіп жатыр. Олардың қатарында жылумен қамту, анықтамалық ақпарат алу, электр қуаты, ауызсу, қоқыс шығаруға қатысты сұрақтар басым.
Спикердің сөзінше, тұрғындардан түскен өтініштер өңделіп, тіркеу нөмірі беріліп, тізімделеді және мәселе белгіленген мерзімде шешілуі үшін әрі қарай мемлекеттік органдарға, коммуналдық қызметтерге беріледі.
Бүгінге дейін Орталық қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылып, 12 жұмыс орны ашылған. «Қазақтелеком» АҚ және ұялы операторлармен бірлесіп 109 нөміріне қоңырау шалу мәселесі пысықталған.
Сонымен қатар, ақпарттық жүйеге жауапты мекемелер – Қонаев қаласы әкімдігінің бөлімдері, Қонаев қаласының коммуналдық қызметтер атқаратын мекемелері, ауылдық округ әкімдіктері және Талғар ауданы әкімдігінің бөлімдері, коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер, ауылдық округ әкімдіктеріне «Көмек-109» ақпараттық бағдарламасы әзірленіп, қолданысқа берілді.
Орташа есеппен 109 қызметіне тәулігіне 50-ден 100-ге дейін өтініш түседі. Әзірге Қонаев қаласы мен Талғар қаласы аумағы бойынша жұмыс істейтін «109» бірыңғай байланыс орталығының қызмет ауқымын облыс көлемінде ұлғайту жұмыстары атқарылып жатыр.