Ашықтық — мемлекет пен бұқара арасындағы байланыстың негізгі критериі. Халықтың жергілікті билік атқарып жатқан жұмыстардан хабардар болуы үшін таңдалған бірегей шешім. Бүгінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен ондағы бастамалардың тиімділігін ашық көрсету үшін сансыз жобалар қолға алынған. Солардың бірі – «Цифрлық көшірме» қызметі. Алматы облысында да аталмыш жоба барлық саланы қамтып, іске асырылу үстінде. Бұл туралы аймақтағы басты ақпараттық алаңда айтылды.
Қазіргі таңда Алматы облысының цифрлық көшірмесінде құрылыс басқармасының атқарар жұмыстары мен нысандар туралы да ақпараттар орналастырылған. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Бағлан Наурызғалидің айтуынша, бүгінде платформада 2024 жылы қолданысқа берілетін 38 медициналық нысан туралы толық мағұлмат бар.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде бой көтеретін білім ошақтарының нысандары жайлы егжей-тегжейлі мәліметтер цифрлық көшірмеде көрсетілген.
«Барлық жұмыстар ашық көрсетіледі. Мысалы, «Жайлы мектеп» аясында 53 мектеп салынады. Оның 26-сының құрылысы биыл басталса, 2025 жылға қарай қалған 27 мектеп қолданысқа беріледі деп күтілуде. Осы нысандардың барлығы цифрлық көшірмеде жазылған», – дейді Бағлан Серікұлы.
«Алматы облысының цифрлық көшірмесінде» нысанның атауынан бөлек, оған жұмсалатын қаржы, қолданысқа берілетін уақыты мен құрылысқа жауапты мердігер компания туралы барлық мәлімет көрсетілген. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығына кепіл, дейді жауаптылар.
Цифрлық көшірме тек зәулім ғимараттарды ғана есепке алмайды, мұнда жер телімдеріне қатысты ақпарларды да ақтарып, қарауға мүмкіндік бар.
Алматы облысы жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Артықбай Болғанбаевтың сөзіне сүйенсек, аталған платформаға өткен жылдан қалған және биыл жыл басынан бері анықталған пайдаланбай жатқан 187,5 мың га жер енгізілген. Еске салайық, облыс аумағында мемлекет меншігіне 28,7 мың га жер учаскелері қайтарылған. Соның ішінде 16,2 мың гектар жер сот шешімімен мемлекет меншігіне өтсе, 12,5 мың га жер ерікті негізде қайтарылған.
Айта кету керек, цифрлық көшірмеге енгізілген жер телімдері санатына қарай түрлі-түсті болып белгіленеді.
Артықбай Қуанышбекұлы платформада әлі де қарастырылуға тиісті жайт барын жасырмады.
«Суармалы, жайылым жерлер мен мал ұстау орындарын тиісті түспен белгілеп отыру көп уақытты алады. Осыған орай аптасына бір рет аудан және қала әкімдіктері ұсынған ақпарат негізінде excel форматқа жинақтап, барлығын бір мезетте енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Осы тұстар реттелсе, базада жұмыс істеу әлдеқайда тиімді болатын еді», – дейді Артықбай Болғанбаев.
Алматы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі