Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2022 жылы Ұйғыр ауданының төрт елдімекенінде блокты-модульдік медициналық орталық салу мәселесі қолға алынды. Басы ауырып, балтыры сыздаса, дәрігерге шапқылайтын азаматтар шалғайдағы ауылдарға осындай қамқорлықтың көрсетіліп жатқанына шын қуанған еді. Сәл де болса дертімізге дауа болар орталық ашылатын болды деп марқайған да! Бірақ содан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де, 2022 жылдың соңына қарай аяқталуы тиіс нысандар әлі күнге халық игілігіне жұмыс істемей тұр. Неге дейсіз ғой? Өйткені, кешенді әлі күнге аудандағы басты денсаулық сақтау мекемесі қабылдамай отыр. Себеп – нысан талапқа сай емес, кемшілік шаш-етектен.
Жуырда «АMANAT» партиясының бақылау комиссиясында осы мәселе қаралды. Тапсырыс беруші Ұйғыр ауданы әкімі аппаратының басшысы Сұлтан Исламов комиссия алдында есеп берді. 2022 жылы мердігер компания «Integra Construction KZ» ЖШС көлемі небәрі 102,6 шаршы метр болатын нысанды конкурс арқылы 30 миллионға бағалап, жеңімпаз атанған. БМК-лар сол жылы аяқталып, тапсырыс беруші нысанды қабылдап алған. Сорақысы сол, қабылдап алған нысан өте сапасыз. Бұған аппарат басшысы «Жөндеп жатырмыз, екі жылдық кепілдігі бар» дегеннен артық ештеңе айта алмады. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары, партиялық бақылу комиссиясының мүшелері бірнеше айдан бері қан қақсап, нысандардың сапасыз екенін айтып, дабыл қаққан соң ғана қозғалған басшылық енді жасап жатыр екен-міс. Осы уақытқа дейін ол неге жасалмаған? Сапасыз нысанды неге қабылдап алған? Қаражат неге төленген деген сұрақтардың туындары хақ. Бірақ қалай ойласақ та оған жауап жоқ.
Өткен жылдың аяғында Ұйғыр аудандық аурухана басшысы тарапынан аудан әкіміне аталмыш нысандардың кемшілігі көрсетіле отырып хат жолданған. Онда Кепебұлақ ауылындағы медициналық пунктке баратын жолдың, 300 метрден тартылған су құбырында ешқандай апаттық кранның, өрт сөндіру гидранттарының жоқтығы, қоршаулардың діңгектері сым темірмен ұстатылып, астында ешқандай іргетас құйылмағаны, трансформаторлар қауіпсіздік үшін қоршалмағаны, сыртқы жарықтандыру, әжетхана, өрт сөндіру нүктесі, ешқандай абаттандырудың жоқтығы, сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстарында да көптеген кемшіліктердің бар екені, дәретханаларда желдеткіштің қарастырылмағанын айтылған. Бірақ нәтиже әлі күнге жоқ.
Әлқисса, 2022 жылы ауылды жерлердегі медицинаның деңгейін көтеру мақсатында 4 елдімекенде блокты-модульді кешендер салу үшін қаражат бөлінеді. Әрбір кешенге 45 миллионға жуық, жалпы құны 179 миллион теңге қарастырылған. Мердігер сатып алынатын тауарлардың техникалық ерекшеліктерін ескере отырып, бұл кешендердің әрқайсысын 31 миллионға салуды жоспарлаған. «Integra Construction KZ» ЖШС конкурстық негізде ұтып алған байқаудың техникалық ерекшелігінде кешеннің құрылысы туралы толықтай талаптар көрсетілген. Қазынаның қалтасына қол салуды көздеді ме, әлде басқа мақсат болды ма, мердігер өз жұмысын аяқтаған сәтте де техникалық талаптардың көбін орындамай, әйтеуір көзбояушылықпен нысанды өткізді. Ең сорақысы, оны біздің ауданның атқамінерлері де «Бәрі керемет, бәрі ойдағыдай, бәрі талапқа сай» деп қабылдап алды. Бірақ 2 жылға жуық уақыт бұрын қабылданған нысан әлі күнге қаңырап бос тұр.
Қазынаның қазанынан халықтың игілігі үшін деп жұмсалған қыруар қаржыға салынған нысандарды көру үшін барып қайттық. Сырт көзге тәп-тәуір жасалғандай. Бірақ ішіне дендеп енсеңіз, небір масқараға көз жеткізесіз. Ауданымыздағы Ардолайты, Ұзынтам, Кепебұлақ, Шошанай ауылдарындағы 4 блокты-модульді кешеннің локалды сметалық құжаттамаларымен салыстара отырып, зерделеп көрдік. Өрескел қателіктер бар. Ең әуелі, әрбір БМК-ның іргетасына көлемі 44 текше метр құрайтын бетон құю көзделген. Алайда оның нақты дәлелін ешкім көрсете де алмай отыр. Апатты жағдайлар үшін қарастырылған 1,5 тонналық ыдыс қажетті орынға орнатылмаған, ешбір су құбыры жүйесіне қосылмаған, тек далада ескерткіш болып тұр. Ардолайты, Кепебұлақ ауылдарындағы кешеннің трансформаторы қауіпсіздік мақсатында қоршалмаған. Дәрігерлік пунк болғандықтан қарт та, бала да келетінін ескерсек, ешбір қауіпсіздік сақталмаған орында орны толмас қайғылы оқиға болып жатса, кім жауап береді? Ал кәріз жүйесі тіптен айтуға тұрмайды. Кешеннен небәрі 2-3, 5-6 метр қашықтықта ғана орнатыла салған. Ал санитарлық талаптарға сай, кәріз жүйесі нысаннан кемі 25 метр алшақ орында орналасуы тиіс. Мұны айтып, қан қақсаған ауданның бас санитары болған Тиляпжан Рахмаев ағамызды ешбір құлақ естігісі де келмейді.
Сметада көрсетілген әрбір БМК-ға алынатын 52 данадан өрт сөндіргішті те, 2 данадан алынуы тиіс гидросорғыны да көре алмадық. Тек Шошанай ауылындағы модульді кешенде ғана өрт сөндіргіш құрылғысы көзімізге түсті. Ұзынтам ауылындағы блокты-модульді кешеннің едендері әзірден бастап басқан сайын түсіп жатыр. Жүрудің өзі қорқынышты. Онымен қоймай, кешен өзіне тиесілі орынға, яғни, мемлекеттен берілген жер теліміне емес, басқа орынға салынып кеткен. Бұл аз дейсіз бе, мердігер Ардолайты, Кепебұлақ, Ұзынтам ауылдарында қоршауға тиісті 15 сотық жердің орына 10 сотықты, ал Шошанай ауылындағы 18 сотықтың орнына тағы да 10 сотықты қоршаған. Ал қазынадан дәл сол 0,63 га жерді қоршауға қаржы бөлінді емес пе? Мердігер болса саспастан тек 0,40 га жерді ғана қоршап, үнемдеуден үлгі көрсеткен. Тіпті сол үнемделіп қоршалған қоршаудың өзі әзер тұр. Кепебұлақ ауылындағы кешеннің қоршауын сыммен тартып қойған. Оның өзі үзіліп үлгерген. Қырық жыл тұрғандай қырынан құлаған қоршауға мал сүйкену емес, жанына жақын келудің өзі мұң. Ал қоршаудың асты ит, мысық емес, мал сиятындай, аңырайып тұр. Ертең гүл егіліп, абаттандырылса, ауылдың малын сол медициналық мекеменің ауласынан табарыңыз сөзсіз.
Айта берсек, қыруар қаражатқа салынған кешен сапасы сын көтермейді. Есіктері алқа-салқа, кейбір кешендегі бір кабинеттің суын ағызсаңыз, екінші кабинеттегі медицина қызметкері күте тұруға мәжбүр. Әжетханалары да желдетілмейді. Әзірдің өзінде жағымсыз иіс қолқаны жарып, шыдатпайды. Ең болмаса, сыртта да дәретхана жоқ.
Осылайша, жауапсыздықпен жасалған жұмыстың сапасына кім жауап береді? Халықтың игілігіне деп салынған ғимараттар қашан сол қарапайым елге қызмет етпек? Осындай жемқорлық пен сыбайластық жайлаған қоғамда халықтың пайдасына жұмыс істейтін шенеуніктер қалды ма өзі? Басынан шіріген балықты қашан тазалап боламыз? Кім, не істесе де зардабын тек қарапайым халық тартады. Ал жемқорлар «іс бітті, қу кеттімен» жұмысты тәмам етеді. Итің жаман десе намыстанатын халық едік. Қазір Қарадаладағы небір осындай сапасыз салынған нысандарға, пайдасыз бөлінген қаражатқа, желге ұшқан миллиондарға қарап қарның ашады. Ауданымызда дәл осы сипатта аты бар, заты жоқ нысандар өте көп. Осыған дейін де су құбырларындағы былықтар туралы сөз қозғағанбыз. Сол желге ұшқан миллиондардың қатарын енді, міне, 120 миллион толықтырып отыр. Мұндай бассыздыққа тоқтау қашан болады? Тағы сол сан сұрағымыздың жауабын таба алмаған қалпы қалдық.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы