Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, былтырдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауыл тұрғындары кәсіп ашып, өз ісін өркендету үшін жеңілдетілген несие алуда. Алайда несиеге өтінім беру, оған кепілзат қою, құжат толтыру кезінде бірқатар кемшілік орын алады. Осындай олқылықтарға жол бермеу мақсатында Қонаев қаласында кәсіпкерлерге кеңес беру-жобалау кабинеті ашылды.
Алғашқылардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданының кәсіпкерлері кеңес алып, өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Көбіне ортақ мәселе – несие алу үшін жолданатын құжаттардың өз деңгейінде толтырылмауы. Қате дайындалған құжатты түзету көп уақытты алады. Сондықтан оның бірден сапалы толтырылуы маңызды.
– Жобалау орталығының мақсаты – кәсіпкерлерге жанжақты кеңес беріп, қолдау көрсету. Құжаттар комиссияның бірінші қаралымында-ақ мақұлданатындай сапалы болуы тиіс. Демек, кәсіпкерлердің кепілзат қойып, несие алуында ешқандай кедергі болмауы қажет. «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 2023 жылдың 19 мамырынан бастап бүгінге дейін 1300 өтінім қаралып, 1200-і мақұлданды. Ол үшін өткен жылы республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге қарастырылды. Биыл бұл қаражаттың көлемі арта түспек, – деді орталықтың ашылуына қатысқан «Қонаев» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясының мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша директоры Диас Шаяхметов.
Бағдарламаны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жүзеге асырады. Осыған орай кеңес беру-жобалау кабинеті осы басқарманың жанынан ашылуда. Ендігі ретте әр аудан кәсіпкерлері кезегімен жобалау орталығынан кеңес ала алады.
Алма Есенбай