Райымбек ауданы – ауасы таза, табиғаты көркем, келген адам кеткісі келмейтін, тау-шыңымен тартымды өңірдің бірі. Жан-жағын қоршаған биік таулар, саға-сағамен арқырап ағатын өзендері тіптен тамаша! Бір сөзбен айтқанда, тұмса табиғаты көрген көздің жауын алары анық. Осындай тамаша табиғаттың ортасында тұратын халық үшін бұл көркемдіктің қадірі аса бола бермеуі мүмкін. Алайда өз өңірімізді былай қойып, алысжақын шетелден де Райымбек ауданының көрікті жерін бір көруге құмартып жүрген адамдар қаншама?! Бұл дегеніміз – ауданда туризм саласын дамытудың потенциалы жоғары екенінің айқын дәлелі. Демек, біздің ауданға жылына келетін туристер санын көбейту арқылы табыс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар.
Жобалап айтқанда, 2023 жылы ауданға 3000-нан астам турист келіп, 60 млн теңге пайда түскен. Туризм бағытындағы жол сапасы келетін адамдардың санын арттыруға кері әсер етуде. Осыған байланысты турист көптеп баратын көрікті жерлер – Шоғансай, Ақкөл демалыс орындарына бағытталған 9 шақырым жолды жасауға жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Қазіргі таңда Райымбек ауданының туризмін дамыту концепциясы және аймақтарға бөлу картасы дайындалды. Аудандағы туристік аймақтарды Алматы облысының туристік маршруттарына енгізу жөнінде облыстық туризм басқармасымен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Көршілес Қытай елімен келісімшарт жасалып, Нарынқол ауылы маңынан туристерге арналған шекара бекеті ашылатыны айтылуда. Бұл жоспар жүзеге асқан күннен бастап ауданымызға алыс-жақын шетелдерден туристер ағылатын болады. Келген қонақтардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін туристік базалар, демалыс орындары, қонақүйлер сапалы қызмет көрсетуі керек. Оған дайындықты бүгіннен бастаған жөн.
Аталған сала бойынша Райымбек ауданында сұлу табиғатты өз деңгейінде пайдаланып отырған бірқатар демалыс орны бар. Соның ішінде айшықтап айтарлығы – Қақпақ елдімекенінің маңында орналасқан «Қарасай жайлау» демалыс орны. Теңіз деңгейінен 3350 метр биіктікте орналасқан аталған туристік орталық 2020 жылы ашылып, содан бері демалушыларға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Биік таулардың бөктерінде қоныс тепкен демалыс орны әрбір келушіге естен кетпес жақсы демалыс сыйлайды. Күнделікті тыныстіршіліктен, қаланың у-шуынан, күйбең тірліктен шаршаған адамдар үшін мұндағы әсем табиғат, саф ауа, сылдыраған өзен жанға тыныштық беріп, өмірге деген жаңа құштарлықты оятады. Алматыдан 350 шақырым қашықтықта орналасқан бұл демалыс орнына еліміздің шалғай қалаларынан, тіпті шетелден келетін демалушылар да бар.
«Қарасай жайлау» Райымбек ауданының табиғатын танытып, туризм саласына айтарлықтай үлес қосуда. Бұған дәлел – 2022 жылы «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының «Сапа белгісі» марапатына ие болуы. Демалыс орны алдағы уақытта бұдан да жоғары белестерді бағындыруды жоспарлап отыр. Жуырда мұнда туристердің келуін жандандыру мақсатында жаңа жоба іске асырылды. «Қарасай жайлау» демалыс орнына Қазақстан Республикасындағы беделді 16 тур компаниясының өкілі келіп, қонақта болып қайтты. Атап айтқанда, «Азимут Травел», «Видеограф», «Фентази Вей», «Гид», «Наиля Тур», «Бест Вей Қазақстан» секілді бірнеше компания қонақтары нысанды аралап көріп, туристерді қабылдауға әлеуеті зор екенін жасырмады. Табиғат аясында орналасқан орталыққа туристерді тартуға өз септігін тигізетіндерін айтты. Демалыс барысында алған әсерлерімен бөлісіп, жоғары баға берді.
Төрт жұлдызды «Қарасай жайлау» демалыс орнында еуропалық стандартқа сай жасалған үйлер әрі жылы, әрі қолайлы, жатын орындары да ыңғайлы. Жабық жуыну бөлмесімен, монша-саунамен қамтамасыз етілген. Табиғи сарқырама, тау өзенінен жасалған бассейн, киіз үйлер де көз тартады. Дәмі тіл үйіретін үш реттік ас беріледі. Асханасы да заман талабына сай. Үстел ойындары, спорт алаңы, балалар ойнайтын аумақ, садақ ату алаңы да қарастырылған. Шың басына шығып, биіктерді бағындыруды ұнататын адамдарға атпен серуендеуге де болады. Сірне мен қымыз, саумал, тағы басқа да қызмет түрлері жаныңды жадыратады. Бағасы да қолжетімді. Шын мәнінде, жан мен тәннің күйбең тірліктен бір уақыт демалуын қалаған жанға таптырмайтын орын екені айтпаса да түсінікті. Келген алпауыт компания өкілдері осындай ой түйіп тарқасты. Бір сөзбен айтқанда, «Қарасай жайлау» демалыс орнында өткен игі шара отандық туризмнің дамуына айтарлықтай үлес қосатыны анық.
Дастан Қасенұлы,
Райымбек ауданы