Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілікке облыс тұрғындары, мемлекеттік және бюждеттік мекемелер қызметкерлері де қатысты.
Қонаев қаласында өткен сенбілікке облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бастауымен облыстық, қалалық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып ағаш көшеттерін отырғызып, үлгі көрсетті. Марат Елеусізұлы бүгінгі шараның «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деп артына аталы сөз қалдырған дана халықтың Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ағаш отырғызу дәстүрімен үйлесім тауып жатқанын атап өтті.
Былтыр облыстағы 384 елді мекенде 104 мыңға жуық ағаш отырғызылған еді. Биылғы меже 110 мыңға жуықтайды. Ағаш көктемде және күзде барлық аудандар мен Қонаев қаласының бекітілген жоспарларына сай отырғызылады. Бүгінгі сенбілік шарасында 10 мың түп ағаш пен отырғызылды.
Сенбілікке облыс бойынша 12 мың адам қатысып, 195 техника жұмылдырылды. Акция барысында 100-ден астам көше, 12 км арық жүйесі және 400-ден астам көпқабатты үйдің ауласы тазаланды.
Сенібілік барысында қызметкерлер өздеріне бектілген көшелер мен арық жүйелерін және аулаларды күл-қоқыстан тазартты. Қоқыс арнайы техникамен қала қала сыртына шығарылды.
– Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы өңіне қан жүгіріп, уақыт алға озған сайын тұрғындардың көз алдында келбеті айшықталып келеді. Қала жасыл желекке оранғаны былай тұрсын, көздің жауын алатын сан алуан гүлдермен көмкеріліп, ажарлана түсетіні анық. Науқаншылыққа бой алдырып, сенбілік сияқты шаралармен шектелмеуіміз керек. Тазалық тазаланған жерде емес, таза ұсталған жерде болатынындықтан тұрғындарды қоғамдық орындарды бүлдірмей, көшені қоқыспен ластамай, тазалық сақтауға шақырамын. Аға буын өкілдері өскелең ұрпақты туған жерінің тазалығына жауапты екенін сезінуге дағдыландырғаны абзал болар еді, -деді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақсақалдар және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Амангелді Беспаев.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ