«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Кеген ауданы Ақай Нүсіпбеков ауылында облыстық туризм басқармасының қолдауымен, «Discover jetisy» туристік агенттігінің ұйымдастыруымен тазалық шарасы өтті. Сенбілікке басқарма қызметкерлері мен Алматы технология колледжінің студенттері қатысты.
Шараны «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов кіріспе сөбен ашты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп жатқан бүгінгі шара Кеген ауданының «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркімен шектесетін ауылдар аумағында ұйымдастырылуда. Облыстық туризм басқармасы және Қарабұлақ ауылдық округі әкімдігі бірлесіп өткізген тазалық шарасының Ақай Нүсіпбеков ауылында басталғанын дұрыс деп есептеймін. Өйткені табиғи паркке баратын туристердің барлығы осы елдімекен арқылы өтеді. Сенбіліктің өтуіне мұрындық болған облыстық туризм басқармасына алғысым шексіз, – деген ұлттық табиғи парктің директоры баршаны қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырды.
Келесі кезекте облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы сөз алып, шараның мақсат-міндетіне қысқаша тоқталды.
– Облыста туристердің ең көп шоғырланатын жерінің бірі – «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі. Сондықтан осы жолдың бойын тазалап, жазғы маусымға дайындалып жатырмыз. Тазалық шарасын мұнымен тоқтамайды, жыл бойы жүргіземіз. Бүгінгі шараға «Discover jetisy» «Ахмад шәй», «Клуб ресторатов» және тағы басқа демеушілер еріктілердің жол шығынын көтеріп, түскі ас ұйымдастырып, сусындар, қап пен қолғаптар алып бергенін айтып кеткен жөн, – деді басқарма басшысы.
Сенбілік барысында аталған басқарма қызметкерлері мен Алматы технология колледжінің студенттері Ақай Нүсіпбеков ауылы сыртындағы шашылып жатқан қоқыстарды аз уақыттың ішінде тазартып қапқа жинады. Қоқысты ауылдық округ әкімдігі мен «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері жүк көліктеріне тиеп, арнайы орынға төкті. Шараның демеушісі Александр Назаров тазалыққа бейжай қарамайтын еріктілерді қолдау мақсатында белсенділік танытқан үш еріктіге жүлде тағайындады.
Студенттерді бастап келген Алматы технология колледжінің оқу-өндірістік шебері Еңілік Әлімжанова 40 ерікті жастың тазалық акциясына өз еріктерімен келіп, қатысып жатқанын тілге тиек етті. Акцияға қатысушы, колледждің ІІ курс студенті Анар Құтпанбай болашақта еліміздің туризмін дамытуға үлес қосу мақсатында туризм менеджері мамандығын таңдапты. Ол бала кезінде алғаш рет осы ауыл арқылы «Көлсай көлдеріне» келгені әлі күнге есінде екенін, сол саяхатының нәтижесінде туризм саласында қызмет атқаруға ықыласы ауғанын, бүгінде сол мақсатына жетуге жақын қалғанын айтты.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әр адамның парызы болуы тиіс. Осы орайда өткен тазалық шарасына қатысқан еріктілер экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ауыл жұртшылығының назарын аударды. Осынау игілікті іске куә болған ауыл тұрғыны Өмірбек Матаев еріктілерге алғысын білдіре келе, жерлестерінің қоқысты арнайы орынға төкпей, кез келген жерге ретсіз тастап кететініне қынжылыс білдірді. Ақсақалдың айтуынша, қазір қоқыс жиналғанымен, біраз уақыт өткен соң қайтадан бұрынғыша шашылып жатады екен. Өйткені қоқыс төгуге арналған орын қоршалмаған. Жергілікті әкімдік тарапынан ол жердің қоршалатыны туралы айтылғанымен, әлі күнге бұл мәселенің түйіні тарқатылмаған. Жел соқса, полиэтилен дорбалар, қағаз, тағы басқа қоқыстар аспанға ұшып, ашық алаңқайды толтыратын көрінеді.
Туристер жүретін жолдың бойындағы ауыл тұрғындарының күл-қоқысын бей-берекет төккен тұрғындар тазалық сақтауда салғырттық танытпаса, бұл ауылда мұндай шара өтпеген де болар еді. Ауылдың тазалығына жауапкершілікпен қарап, әр тұрғын өз үйінің маңайын ластамаай, көркеюіне үлес қосса, көшенің де сәні кіріп, елдімекеннің де ажары айшықтала түсетіні сөзсіз. Сонда ғана шетел мен еліміздің өзге өңірлерінен келген туристерден де ұялмайтын жағдайға жететініміз анық.
Айжарық Көптілеуов,
Кеген ауданы