Бүгінде елімізде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету өз жалғасын табуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бүкіл ел үн қосқан көмек науқанына Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындары да өз үлестерін қосып жатыр.
Еңбекшіқазақ ауданындағы еріктелер мен қоғам белсенділері, жергілікті мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары көмегімен үш күн ішінде жиналған азық-түлік, жеке гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмектер және басқа да тұрмыстық тұтыну бұйымдары тиелген жүк көлігі Ақтөбе облысының орталық мешітіне жетті. Ал Есік қаласының автобекетіне жеке кәсіпкер Руслан Әбдібекұлының ұйымдастырумен жүк көлігі қойылып, қайырымдылық қоры ашылды. Сонымен қоса, Есік қаласының тұрғыны Жазира Серікова зардап шеккендерге 1 млн 300 мың теңге қаржылай көмек берді. Қиыншылық қыспағында қалған отандастарға Шелек өңірінің жұртшылығы да белсене қолұшын созуда. Айталық, Шелек тұрғындары апат аймағына 10 тонна гуманитарлық көмек пен 3 млн теңге қаржы жөнелткен. Айта кетсек, су тасқынынан зардап шеккен отандастарымыз үшін материалдық және гуманитарлық көмектерді қабылдайтын бекеттер үздіксіз жұмыс істейді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы