Көрнекті журналист Жанболат Аупбаевтың кезінде Бердібек Соқпақбаевтың жары, қаламгердің Самал атты қызының анасы, белгілі педагог, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Бәшен апа Баймұратоваға жолығып, әңгімелескен сәтін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Апай! Негізгі әңгімеге кіріспес бұрын өзіңіз жөнінде аз-кем мағлұмат алсақ деп едік. Қай жерде, қандай отбасында өмірге келдіңіз. Сіз оқыған мектеп, алғашқы еңбек жолыңыз… Бұл жөнінде не айтасыз?
– Мен өзім Шығыс Қазақстан өңіріненмін, қарағым. Сондағы Ұлан ауданының Байжан елдімекенінде дүниеге келіппін. Әкем пошта тасушы-тын. Өмірден ерте кетті. Шешем кеңседе еден жуушы болатын. 1941 жылы соғыс басталғанда 6-сынып оқушысы екенім есімде. Арада екі жыл өткенде мектеп жабылды да бәріміз қара жұмысқа жегілдік. Мен аудандық баспаханада әріп теруші болдым. Сөйтіп жүргенде 1945 жылы: «Жеңіс!» – деген жылы хабар жетіп, майданнан бізге туыс Шағила Құсанова апамыздың оралмасы бар ма?! Кейін ғылым докторы атанып, КазГУ-де ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарған ол кісі Алматыға аттанарда: «Ауыл балалары оқуы керек. Бұларға қара жұмыс істету қиянат емес пе», – деп жергілікті басшылармен жағаласып жүріп, төрт қызды өзімен бірге алып кететінін айтты. Солардың біреуі анамның одеялдан тігіп берген пальтосын киіп жолға шыққан мен едім. Ол кезде Өскеменнен Алматыға аттанудың өзі бір азап. Арып-ашып жеттік қой әйтеуір. Содан неше түрлі сынақ тапсырып жүріп, Мәншүк Мәметоваға атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға іліккен жайымыз бар.
– Бұл арнаулы орта оқу орны Қызылордада емес пе еді?
– Жоқ. 50-жылдардың аяғында ғой сол жаққа көшкені. Алғашында ол Алматыда, қазіргі мына «Гауһар» зергерлік бұйымдар дүкенінің орнында болатын.
– КазПи-ге жақын деңіз…
– Иә. Бердібек ағаң ол кезде міне, сонда оқып жүр екен. Білетінім, институт басшыларының оларды бізге топ-тобымен өндірістік тәжірибеден өткізуге жіберетіндігі. Солардың ішінен Тұрсынбек Жабаев, Мұқаш Сәрсекеев, Айқын Нұрқатов және Бердібек Соқпақбаев бағдарламадағы көрсетілген тақырыптарды игеруге ерекше ынталылық танытатын. КазПи-дің ІІ-Ш-курс студенттері олармен училище қыздары біздер осындай тәжірибелік сабақ өткізу, мереке қарсаңындағы түрлі ойын-сауық кештерін ұйымдастыру сияқты іс-шараларда танысып-біліскен едік. Бәрі шетінен ақкөңіл, еңбекқор әрі талантты жігіттер болатын.
– Талант демекші, көз алдыңызға елестетіп немесе есіңізге түсіріп көріңізші. Болашақта мықты сыншы, атақты ақын, көрнекті прозаик болатын жоғарыдағы ағаларымыздың студент кездеріндегі әдеби ортада танылуы қалай еді? Баспасөз беттерінде көрінуі ше?
– Педучилище қыздары біздердің білетініміз, олар оқып жүріп шығармашылықпен айналысты. Оны бұл жігіттердің КазПи-дегі әдебиет үйірмесінде өз өлеңдерін оқып, жазған әңгімелерін талқылауға ұсынуларынан, Алматыдағы ақын-жазушыларды кездесуге шақырып, түрлі пікіралысулар өткізулерінен байқайтынбыз. Сондай кештерде профессор Қажым Жұмалиев бірде «Қазақ әдебиетінде», келесі жолы «Лениншіл жаста» немесе «Қазақстан пионерінде» шыққан студенттер Серік Қирабаев, Мыңбай Рәшев, Мұқаш Сәрсекеевтің рецензия, өлең, мақалаларын атап айтып, шәкірттерін көтермелеп отыратын. Өстіп жүргенде Бердібек Соқпақбаевтың да «Социалистік Қазақстан» газетінде сын мақаласы шығып, жұрттың гу ете түскені бар. «Редакцияға хат» айдарымен берілген ол материал «Ұры біреу, ұрлық нешеу?» деп аталады. Онда Бекең өзі аударған С. Михалковтың өлеңдерін студент әріптесі Қабыл Боранбаевтың сәл өзгертіп пайдаланғанын, сөйтіп балалар басылымдарының бірінде жарияланып кеткен бұл тәржімені ел енді кімнің еңбегі деп ұғатынына жауап іздейтінін жазыпты. Ол кездегі КазПи, ондағы тіл және әдебиет факультеті студенттерінің өз мамандыктарына деген ұмтылысы, өршіл талапқа толы өмірі міне, осындай болатын. Біз өзімізбен қатар жүрген бұл жігіттерді жоғарыдағыдай қасиеттері үшін қатты сыйлап, ерекше құрмет тұттық. Оларды жақсы көріп, айтқан сөздеріне қалтқысыз сендік. Солардың бірі Бердібек ағаларың 8 наурыз мерекесінде маған өз сезімін білдіріп, сүйіспеншілігін айтқанда, азаматты жерге қаратқым келмеді. Сөйтіп ол институтты, мен педучилищені аяқтаған 1948 жылдың күзінде қол ұстасып Нарынқолға аттандық.
– Онда қанша жыл тұрдыңыздар? Мұны сұрап отырғаным… 1951-1952 жылдары репрессияның үшінші толқыны басталғаны белгілі. Сонда Қазақстандағы біраз зиялы қауым өкілінің басына қара бұлт үйірілген. Оған атақты тарихшы Е. Бекмаханов та душар болып, Алматыдан 350 шақырым жердегі Нарынқолға қатардағы мұғалімдік қызметке жіберілгені бар. Егер де сіздер ол кезде сонда болсаңыздар, ардақты азаматтың жоғарыдағыдай жағдайға байланысты алыс ауылда өткізген өмірінен не білесіздер деген ой ғой біздікі.
– Түсіндім. Нарынқолға біз алғашқы алты жылдың ішінде екі рет барып, Алматыға екі рет қайта көшіп келген жайымыз бар. Бірінші жағдай, яғни, 1948-1950 жылдары аталмыш ауданның Қостөбе деген ауылында тұрдық. Соғыстың аяқталғанына үш-төрт жыл ғана болып, жұрт әлі есін жия алмай жатқан кез ғой. Сол себепті ел де, жер де өте жүдеу-тін. Кейін бәрі реттелер деп ерлі-зайыпты екеуміз сондағы бастауыш мектепте кезектесе сабақ беруге кіріскенбіз. Бірақ араласатын орта, тұрмыстық жағдай онша болмады. Оның үстіне осы жерде өмірге келген Қуаныш атты ұлымыз шетінеп кетіп, қатты қиналдық. Өстіп жүргенде 1949 жылы Бекеңнің өлеңдері «Жастар даусы» ұжымдық жинағында жарық көріпті деп естідік. Ал келесі жылы «Бұлақ» атты жеке кітабы шығатын болыпты. Мұны естіген ағаларыңда тағат қалмады. Сол жағдаймен 1950 жылы Алматыға қайта оралған едік. Өкінішке қарай жыл өтпей жатып мұнда да тірлік кешу қиынға айналды. Пәтер жоқ. Отын-су удай қымбат. Алатын жалақымыз мардымсыз. Сөйтіп кешегі ауылдағы өмірімізбен жылап көрісетіндей жағдайға жеткен соң 1951 жылы тағы да Нарынқолға оралуға тура келді. Бұл жолы біз аудан орталығындағы орта мектептің өзіне орналасып, Бекеңе жақын болып келетін Жусанбаев Шәріп пен Жауынбаев Рамазан ақсақалдардың отбасын паналадық. Жарықтық ауыл адамдары кең ғой. Рамазан ата ауласындағы ескі тамын жөндеп беріп осында тұрыңдар десе, Шәріп қария өздері не ішіп, не жесе бізге де соны ортақтастырып отырды. Осындай көмек, жәрдемнен кейін мектептен алған айлығымыз да бойымызға жұғып, ел қатарына қосыла бастадық.
Осылай жүріп жатқанымызда бір күні Бекең үйге асығып келді де сенбінің кешіне қонақ шақырғанын, ол кісінің осында түнеп, жексенбіде де біздің үйде болатынын айтты. Сөйтті де: «Бұл ағай мектебімізге жаңадан келген мұғалім. Бірге отырып тоқсандық сабақ жоспарын жасаймыз», – деді. Басқа ештеңе деген жоқ.
Мейман белгіленген күні үйімізге келді. Қалалықтарша киінген, жылы жүзді, сыпайы кісі екен. Өз басым көрген бетте-ақ бұл бейтаныс қонақты мұнда, түкпірдегі мынадай бұйығы елдімекенде жұмыс істейтін адамға қимадым. Өңінен үлкен ортаны көрген, жоғары мәдениетке ие, парасатгы жан екені бірден көрініп тұрды. Амандасып, шай ішуге отырғанда, одан жатар-жатқанша созылған әңгімелерде Бекең қонақтың атын атамай: «Аға!» – деп құрметтеді де отырды. Ертесінде екеуі күні бойы жазудан бас көтермей, сабақ жоспарын жасады.
Содан екі ай өткен соң… Иә, екі айдан кейін мектептегі мұғалімдер ол кісіні Алматыға қайтадан шақырып алып кетіпті деп жатты. «Сен білесің бе? – деді жоғарыдағы әңгіменің ізі суыған бір кеште Бекең маған тұнжырай қарап отырып: – Әнеу күнгі келген қонақты айтам да… Ол кісі – қазактың атақты тарихшысы Ермұқан Бекмаханов. Арызқойлар ардақты ағаны қоғамға жат элемент деп күстаналапты. Еш жерден жұмыс бергізбей, әуре-сарсаңға салыпты. Содан бассауғалап шалғай өңір, қиыр шет бізге келіп еді. Бірақ шекаралы ауданда тұруға рұқсат жоқ деп қайтадан кері алып кетті. Ендігі жағдайы не болады? Түсініксіз.
Осыдан соң Нарынқолға біз де көп тұрақтамадық. Жергілікті биліктің суық көзқарасына ұшырауымызға байланысты Алматыға қайта қоныс аударуымызға тура келді. Бұл жағдайды арада 51 жыл өткенде академик Серік Қирабаев өзінің «Жастықтың сағынышты күндері» атты естелігінде өте дәл, нақты әрі түсінікті түрде былай деп айтқан. «…Қысты күні түн ішінде мезгілсіз біреу есікті қатты тарсылдата бастады. Сұрасам, Бердібек. Ауылдан ерте шыққан екен. Қыс іші, жол ауыр болып, түнделетін зорға жетіпті. Бөлмеге кіргізіп, бойын жылындырып, жатқыздық. Таңертеңгі шай үстінде ол біржола келгенін, мектептен кеткенін айтты. Себеп, атақты ғалым Ермұқан Бекмаханов жер ауып, Нарынқолға мұғалім болып барған екен. Мектепте сабақ беріп көрмеген Ерекең айлық, тоқсандық жоспар жасау сияқты істерді қалай атқаруды Бердібектен сұрапты. Ол бұл кісіні үйіне шақырып көмектесіпті. Бекмахановтың елмен қарым-қатынасын директор қадағалап жүреді екен. Ғалыммен кездесіп, қонақ етіп, сөйлесіп қалып жүргені үшін ол Бердібекке дікілдепті. Оны кешіре қоятын бұл ма? Екеуінің арасында кикілжің басталған. Кешікпей Бекмахановты басқа жаққа алып кетіпті. (ПТУ мектебіне апарып, сол жақтан Сібірге жіберген ғой). Осыдан соң директордың өзіне деген алакөздігін аңғарған Бердібек те арыз беріп, босап, қалаға келген беті екен».
– Сонымен сіздер Алматыға қайта оралдыңыздар. Ал одан былайғы өмірлеріңіз… Бекеңнің жұмысы… Шығармашылығы… Айтпақшы, Ермұқан аға Бекмахановты кейін көріп, кездесудің сәті түсті ме? Өйткені сол кездері бәріңіз бір қалада тұрып, тірлік кештіңіздер ғой.
– Алматыға біз қызым Самал екеуміз жазға таман келдік. Бекең бұл кезде елге танылып қалған қаламгерлер қатарында еді. Оны жұртқа белгілі еткен сол кездегі көзі қарақты үлкен-кішінің бәрінің кітап пен газет-журналға деген керемет ынтызарлығы болатын. Соның арқасында айналасы бес-алты жылдың ішінде «Жастар даусы» ұжымдық жинағы мен «Бұлақ», «Алыстағы ауылда», «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы» кітаптары жарық көрген авторды ел жақсы білді.
Бір күні Бекең үйге өте көңілді оралды. «Паркті кесіп өтіп келе жатсам, – деді аптығып. – Ермұқан аға ше? Бекмаханов! Міне, сол кісіге жолығып қалдым. Бір-бірімізді көріп қатты қуандық. Сібірдегі айдаудан оралыпты. Өңі жүдеу. Еш жер жұмысқа алмаған. Соны айтып жоғарғы жаққа хат жазған екен: «Күтіңіз. Жеке қабылдап, әңгімелесеміз», – депті. Жалғызсырап жүргенін байқадым да елге қонақ боп қайтуға шақырдым. Оған ғалым келісті», – деді.
Содан олар Нарынқолға аттанып, он күндей елде болғаны есімде. Ал Кегенге келіп, Қарқарада жүргендерінде обкомнан телефон шалынады. Ол Ермұқан ағаның жоғарғы жаққа жазған хатына байланысты іздеу екен. «Бекмахановты Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Пономаренко жолдас қабылдайды. Таңертең Алматыда болсын», – деген пәрменнен кейін аудандағыларда жан қала ма? Асып-сасып жүріп түстен кейін оларды жүк мәшинесіне отырғызып, таң ата бере қалаға жеткізген ғой.
Бұл 1954 жылғы жағдай. Содан екі жылдан соң Бекең Мәскеудегі әдебиетшілердің жоғары курсына оқитын болды да отбасымызбен сонда кештік. Сол кезде біз тұрған Тверь бульварындағы үйге Ермұқан ағаның бір-екі рет келіп, хал-жағдайымызды білгені бар. Бекеңе айтқан әңгімелерінен аңғарғаным, репрессиядан кейін ғалымның партиялығы мен ғылыми атағы әлі қалпына келтірілмепті. Ол кісі Мәскеуде, міне, соған байланысты ізденіп жүр екен. Содан кейін атақты тарихшымен арада байланысымыз болған жоқ. 1966 жылы бақилыққа аттанғанда қалың халық қатарында қоштасуға барып, қайтпас сапарға шығарып салдық кой.
– Енді сіз мына сұраққа жауап беріңізші. «Он алты жасар чемпион» повесінен кейін жазушы Бердібек Соқпақбаевты елге, бүкіл одақтас республикаларға танытқан шығармасы ол автордың «Менің атым Қожа» туындысы ғой. Бұл енбек өмірге қалай келді? Сол кездегі оқырмандар, әдеби орта оны қалай қабылдады? Естуімізше, аталмыш новесть баспадан машақатпен басылып, автор біраз әуре-сарсаңға түскен сияқты.
– Жоғарыда мен отбасымызбен Мәскеуде тұрдық деп айттым ғой. Міне, сонда жүргенде: «Жазушылар одағы үй бергелі жатыр екен», – деген хабарды естіген Бекең мені Алматыға жіберді. Қайта-қайта айтқан сөзі: «Ғабит Мүсіреповке кір. Жағдайымызды жасырма», – деу болды. Солай еттім де. Нәтижесінде бізге қала шетіндегі СМУ-15 деген жерден екі бөлмелі пәтер тиді. Қуанышымызда шек жоқ. Мәскеудегі оқуынан келген Бекең міне, осында, Журавский, 13 деп аталатын көшедегі үйімізде отырып, бітуге таяу қалған жаңа шығармасын аяқтады да баспаға берді. «Өзім туралы повесть» атты бұл туындының ол жерден қалай шығып кеткенін білмеймін, бірақ кітап оқырмандар қолына тигенде қатты айғай-шу басталды. Өйткені біздегі балалар туралы бұған дейінгі дүниелерде жас жеткіншектердің бәрі шетінен тәртіпті, тәрбиелі, тіл алғыш әрі белсенді еді. Ал бала болған соң олардың іс-әрекеттерінде кездеспей тұрмайтын қиқарлық, жалқаулық, нашар оқып, сабақтан үлгермей қалушылық сияқты қылықтар ол кездегі әңгіме, повестерде көп көрсетіле бермейтін. Жазушы Бердібек Соқпақбаев өзінің кішкентай кейіпкері Қожа арқылы бұл схематизмді бұзды. Сондықтан көптеген педагогтар оған тосырқай қарап, сыншылар ұшқары пікірлер айтып жатты.
Қазақи әдеби орта осылай дуылдасып жатқанда, Бекең бұл кітабын «Менің атым Қожа» атауымен орысша шығаруға бел байлады. Өкінішке қарай баспа көп кешікпей оны өзіне қайтарып бермесі бар ма? Сөйтсе рецензент: «Мектептегі барлық баланы хулиган (пікір иесі дәл осылай жазған – авт.) еткілеріңіз келсе, бұл кітапты тезірек басып шығарыңыздар», – деп мысқылдапты. Бірақ… иә, бірақ парадокс дейміз бе, не дейміз?!
Автордың аталмыш кітабына Мәскеу қырын қабақ танытпады. 1958 жылы «Детгиз» оны қуанышпен қабылдап, көп тиражбен басып жіберді. Келесі жылы орталық жеделдетіп тағы шығарды. Сол сол-ақ екен, ол молдова, латыш, литван, украин, өзбек, беларусь, эстон тілдеріне аударылып жарық көре бастады. 1963 жылы «Қазақфильм» осы шығарма негізінде кино түсірді. 1967 жылы Францияның Канн қаласындағы халықаралық фестивальда ол бас бәйгені жеңіп алды. Сөйтіп соған дейінгі кеңестік қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын мінез-құлыққа ие, атап айтқанда, өзіндік қуанышы мен мұңы, керек десеңіз тосын тағдыры бар, тентек, қиқар, бірақ ақылды, ақкөңіл, адал Қожаға өз қандастарымыз үрке қарап жатқанда, өзге жұрт оны жатырқамады. Қай жерде де туысқан республикалар оқырмандары «ол жүріп өткен көшеде ит үріп, қаз қаңқылдап қала беретін» кішкентай кейіпкерді қуана қарсы алумен болды. Сөйтіп қазақтың қарадомалақ ұлы сол кездегі кеңбайтақ Кеңес одағын еркін аралап, одан әлем елдеріне асып кете барды. Бұл повесть туралы мен білетін нәрсе осы қарағым.
– Автордың келесі бір керемет туындысы «Балалық шаққа саяхатта» Тұрдыбек атты кейіпкер бар. Оның прототипі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған інісі ғой. Кітапқа өмірдің нақ өзінен алынған, тағдыры шығармада еш қоспасыз баяндалған бұл бейне сізге де өте жақын дер едік. Өйткені өзіңіз Қостөбеге келін болып түскенде ол сонда еді дейді біздің ауылдағы көнекөздер. Сұрайық дегеніміз: Тұрдыбектің сол кездегі, одан бергі тағдыры. Қандай жұмыс істеп, қайда тұрғандығы. Отбасы… Бұл жөнінде сіз не білесіз?
– «Балалық шаққа саяхат» Бекеңнің бізбен тұрғанда, баспанаға енді қолымыз жетіп, көңілімізді демдегенде тапжылмай отырып жазған, сөйтіп оның қалай, қашан біткеніне өзіміз куәгер болған соңғы шығарма. Одан кейін ағаларың бізден кетті. Басқа отбасын құрды. Қайтеміз, жағдай солай болды. Айтайын дегенім ол емес, жаңа өзің сұраған шығармадағы Тұрдыбек, оның өзім білетін тағдыры.
Иә, 1948 жылы мен Қостөбеге келін болып түскенде Тұрдыбек сонда екен. Бекеңнің Башай деген жеңгесінің үйінде қолбала болып жүріпті. Сол кездері ешкім оны 16-17-дегі жеткіншек деп айтпас еді. Бойы аласа, әлжуаз-тын. Жалтақ, қорғаншақ болып өсіпті. Дереу өз қолымызға алдық. Мені өте жақсы көрді. Жанымнан қалмай, көмектескісі, жәрдемдескісі келіп тұратын. Бірақ Бекен ағасы секілді шақар. Мінезі құдды таулы өңірдің құбылмалы ауа райы секілді еді. Соған шыдап Қостөбеде жүргенде, Нарынқолға келгенде қасымыздан қалдырмай, ел қатарына қостық қой. Алматыға көшкенімізде Текестегі МТС-та тракторшы еді. Еңбек демалысында қалаға келіп тұратын. Бекеңнің бізді тастап, басқа отбасын құрғанын естігенде қатты қапаланды. Ағасына ренжіп, көрместей болып кетті. Сол кездегі Талдықорған облысының Киров ауданына көшіп барды да шопандық кәсіппен шұғылданды. 70-жылдары маған мектеп бітірген қызын жіберіпті. Оқуға түссе, ешкімді танымайтын қалада қиналмасын, бас-көз болып жүрсін деген ойы болса керек. Содан ол қыз біздің үйде жүріп оқыды. Институтты бітірген соң ауылына қайтқан. Арада көп жыл өткен соң сол ма, жоқ басқа қыз ба, әйтеуір біреуі Тұрдыбектің қатты ауырып жатқанын хабарлады. Бардық. Талдықорғанның іргесіндегі Мұқаншы ауылында тұрады екен. Бізді көріп, көтеріліп қалды. Содан жанында біраз болып, қалаға қайтқанбыз. Екі жетіден кейін бақилыққа аттанғанын естідік. Тұрдыбектің жағдайы міне, осындай.
– Апа, Бердібек аға өмірде қандай адам еді? Ұрпақтары туралы не айтасыз? Өзіңіздің ол кісіден кейінгі өміріңіз. Сосын… иә, сосын әңгімемізді жазушының рухани мұрасына қатысты жеке ой-пікіріңізбен қорытындыласақ дейміз.
– Ол – табиғаты адал, өмірге ғашық, ақкөңіл, жарқын жан еді. Өте әділ-тін. Өз басына жетерлік батырлығы мен шақарлығын да айтпай кете алмаймын. Мұндай мінезі біреуден жәбір-жапа көрген адамдарға ара түсіп, оларды қорғағанда ерекше байқалатын. Шіренгендерге шыдамаушы еді. Ондайларға тік сөйлейтін. Аңқау, айтқан сөзге тез сенгіш ол есеппен өмір сүруді ойламады. Өте тиянақты, үнемшіл, қанағатшыл жан болды. Үсті-басын таза ұстайтын.
Ұрпақтарына келер болсам, өздерің білетін қызым Самал ғой. Ол кішкентай күнінен кітап оқу мен сурет салуға үйір болды. Жазуға да икемді екені байқалатын. КазГу-дің журналистика факультетіне түсуді армандады. Бірақ оған шамам жетпеді. Университеттің химия факультетіне түсірдім. Оған ол алғашында көңілі соқпай, қатты қиналып жүрді. Дегенмен, бойында әкесінің еңбекқорлығы мен табандылығы бар емес пе, тырмысып жүріп аталмыш факультетті өте жақсы деген бағаға бітіріп шықты. Осылай болғанымен кейін жазуға біржола бет бұрып, орыс тілді басылымдарда жұмыс істеді. Аудармамен шұғылданып, көптеген қаламгерлеріміздің, оның ішінде әкесінің де біраз туындыларын тәржімеледі. Солардың арасынан өз басым қызымның қазақ ертегілерін аударуға сіңірген еңбегін ерекше бағалаймын. Сөз ыңғайына қарай айта кетейін, Бекең екінші отбасынан қос ұл көрді. Біреуі әбден ержетіп, азамат болған кезінде қайтыс болып кетті. Олардың анасы қаладағы №9 аптекада көп жыл жұмыс істеген Бибігүл деген кісі. Қазір зейнетте болуы керек.
Ал енді өзіме келсем, 1957 жылдан бастап Алматыдағы Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында қызмет істедім. Жә… Айта берсе, бұл тақырыптың жыры көп. Ойым аталмыш проблеманы шешудегі сол кездегі жібіген тоң мен қозғалған сеңнен хабардар ету ғой. Осыдан кейін мен педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертация қорғадым. Сонда көптеген методологиялық оқулықтар мен тәрбие жұмысына байланысты бағдарламаларды өмірге әкеліп, 1997 жылы зейнетке шықтым. Істеген ісімнің қайтарымы ретінде ұжымым кезінде КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі атағын әперіп, Ы. Алтынсарин атындағы медальмен марапаттады. Соның бәріне шүкіршілік айтып, жүріп жатқан жайым бар, қарағым.
Сұхбаттасқан – Жанболат Аупбаев
2017 жыл