Кеңестік кезеңнің елімізге тигізген зардаптары аз емес. Мыңдаған адамның тағдырын қиған тоталитарлық жүйе ізгіліктің, мейірімділік пен әділеттілік жаршысы болған жандардың соңына түсіп, өмірін қиды. Саяси қудалаулар адам санасына сыймайтын қатыгездікке ұласты. Өздерінің зерек ойымен, талантымен құрметке ие болған халқымыздың ардақты ұлдары мен қыздары, сталиндік жаналғыштардың қолынан қаза тапты. Жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргізілген репрессиялық шаралар қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды.
Саяси қуғын-сүргінге ер-азаматтармен қатар әйелдер де, балалар да ілікті. 1937 жылы салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен. Осы азап орталығында 20 мыңға дейін нәзік жан қамауда болған. Ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Ең сұмдығы – мұнда ауыраяқ аналарға да аяушылық жасалмады. Темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. Бұл жазалау орталығы «Қарлаг» лагерінің №26 бөлімшесі ретінде қазіргі Астана қаласының оңтүстік-батысындағы, Малиновка елдімекенінде КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 1937 жылы 5 тамыздағы № 00486 бұйрығы негізінде құрылған. АЛЖИР лагерінің орналасқан жері 30 мың га аумақты алып жатты. Оның Қарағанды, Ақмола өңірлерінде бірнеше бөлімшесі болды. Отан соғысы жылдары мұнда 8 мыңнан астам әйел тұтқында болды. Лагерде КСРО мемлекет басшыларының, әскери қолбасшыларының әйелдері мен туыстары, Қазақстандағы зиялы қауымның әйелдері мен балалары жапа шекті. Алжир 1950 жылдың басында таратылып, оның тұтқындары басқа лагерлерге ауыстырылып, мерзімін өтегендер босатылды.
1937 жылдың 15 тамызында ПХК-ның № 00486 заңы шықты. Бұл «халық жауларының әйелдеріне қарсы» жүргізілген операцияны толық түсіндірген құжат болды. Сондықтан оның ең маңызды 3 пунктіне көңіл бөлейік. Осы заң бойынша 1936 жылдың 1-тамызынан бастап Әскери коллегия мен әскери трибуналдың шешімімен 1-інші және 2-інші санаттағы «тыңшы – диверсиялық ұйымдардың мүшелері» болғандардың әйелдері тұтқынға алынды. Тыңшылар мен халық жауларының әйелдерін аталған бұйрықта көрсетілген тәртіппен, күйеулерімен бірге сол мезетте тұтқындау көрсетілген. Жаппай қуғын-сүргін кезінде кәрі кісілер, емшекте баласы барлар мен жұқпалы аурумен ауыратын науқастар және жүкті әйелдердің қамауға алынуы кешеуілдетілді. Бұйрықтың келесі тармағында: «Тұтқындалған халық жауларының әйелдері ауру немесе жүкті болуына байланысты уақытша тұтқындалудан босатылады, бірақ жазылған бойда жедел арада белгіленген жерге жеткізілуі тиіс» деп айтылған. Осы бұйрық бойынша әйелдер «Алжирдің» тұтқыны болып, малға қарау, бақшаны күту, солдаттарға форма тігу, қамыс ору сияқты ауыр жұмыстарды атқарды. Балаларының тағдырын ойлап азаптанған аналар ауыр жұмысты, қысқы аяз бен аштықты көрді. Ол аздай зорлық-зомбылық та қажытып жіберді. Түрмедеде 1507 нәресте тұтқындарды зорлау нәтижесінде дүниеге келген. Бүкіл ТМД бойынша қуғын-сүргін жылдары 20 мыңнан астам әйелдің азабына айналған лагерь, бүгінде өткені өкінішке толы мұражайға айналған. Малиновкадағы тұтқындардың қолымен қазылған арықтар қазір көрінбейді. Олардың тұрғызған бірде-бір жертөлесі қалмаған. Темір торда азапталған жандарды ұмыту мүмкін емес.
Айнұр Нұржақып