Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады.
Жеке қабылдауда болған онға жуық тұрғынның мәселелері сан түрлі. Олар қозғаған мәселелердің қатарында электр қуаттылығының тапшылығы, жолдардағы кептеліс, балық шаруашылығы және жолөткел салу өтініші бар.
Мәселен, Іле ауданының 60 жастағы тұрғыны Хамит Абдин «DAMU» индустриалды логистикалық орталығы жанындағы кептеліске қатысты сауалын қойды.
«Бір тәулікте Алматы-Жетіген-Қонаев су қоймасы автожолымен 20 мыңнан астам көлік, Іле және Талғар ауданынан 46 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 12 мың студент Алматы қаласына қатынайды. Көлік ағыны артқандықтан қарбалас уақытта «DAMU» индустриалды логистикалық орталығы жанындағы теміржол өткелінде километрге созылатын кептелістер пайда болады. Бүгінгі таңда көлік айрығы жоқ. Сағаттап жол кептелісінде тұруға мәжбүрміз. Сондықтан, темір жолдың үстімен өтетін жолөткел салу мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын», – деді Хамит Абдин.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінгі күнде аталмыш мәселе бойынша жолөткелдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
«Алматы-Жетіген-Қапшағай суқоймасы автожолы бойынша жолөткелдің жобасы әзірленген. Жобаланған учаскенің басы Өтеген батыр кентіндегі Киров және Жансүгіров көшесімен іргелес жатқан аумақтан басталып, соңы DAMU логистикалық орталығының қиылысында орналасады. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама қорытындысы шамамен биыл тамыз айында шығады деп жоспарланған. Содан кейін оның бюджеттік қаражаты сұралады. Қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс басталады», – деді өңір басшысы.
Ал Қарасай ауданының тұрғыны Егеубек Егізбек те Алматы-Бішкек тас жолындағы кептеліс мәселесін көтерді. Айтуынша, автожол арқылы арқылы 500 мыңнан астам халқы бар Қарасай мен Жамбыл аудандарының тұрғындары күнделікті Алматыға қатынайды. Онымен қоса, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы пайдалануға берілгелі бері, Алматы-Бішкек бағытының 19 км бұрылысынан Қаскелең қаласының бұрылысы аралығында ұзынсонар көлік кептелісі туындаған. Бұл – жүргізушілер мен тұрғындарға қолайсыздық туындатып отырғанын айтты.
Облыс әкімі аталмыш мәселе бойынша автожолдың 20-27 шақырым аралығында 6 жолаққа дейін кеңейту қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Көлік ағынының өсуіне байланысты «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының 16-19 шақырым аралығындағы жол 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейтілді. Енді 20-27 шақырым аралығындағы жолды 6 жолаққа дейін кеңейту жайы қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда жоба үлгісі дайындалды. Жұмыстарды бастамас бұрын техникалық-экономикалық негіздемесін, сметалық жобалау құжаттарын әзірлеу қажет. Кеңейту жоспарын нақтылап, тиісті қаражат бөлінген жағдайда аталған жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жалғасатын болады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Қабылдауға келген азаматтардың бәріне заңды-құқықтық тұрғыдан, мәселелерінің шешілуіне бағыт-бағдар берілді. Олардың кейбірі өз сұрақтарына қатысты түсіндірме жауапты сол жерде алды.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалының қабылдау бөлмесіне келіп түскен ұсыныс-пікір, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Мамандар әрбірінің себеп-салдарын жіті зерттеп, шешімін заң талаптарын негізге алып қарастырады.
Тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.