1994 жылдың жазы болатын. Бекеңнің, шынайы сөздің шынары Бердібек аға Соқпақбаевтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында әбігерге түскен, мазасызданған жандар аз болмады. Мен де соның санатындамын. Үлкен жиынға орай жан сыры көп, жанға жұмбақ, көрнекті жазушының жалғасып жатқан өмірінің болмашы бір түйінді тұстарын жалпақ елге жария етудің өзі неге тұрады, егер соны таба алсақ…
Мен Бекең өмір кешкен отбасына осындай оймен келе жатырмын. Оның тағы бір себебі бар. Жазушы көзінің тірісінде өзінің 50, тіпті 60 жылдық тойларын думандатып өткізуге қарсы болған адам. «Сұрақшының алдында отырғандай болғым келмейді» деп теледидардың экраны алдына да бармаған. Тумысынан натуралист адам оның бәрін жасандылыққа балаған. «Бұл қазақтың ата салтында жоқ жосық» деп айтатын көрінеді. Ол үшін балалардың баһадүр жазушысын консерваторлар тобына қоса алмаймыз. Ол жаратылысы бөлек жан ғой.
Көп адам Бердібек Соқпақбаев көзі тірісінде өз бағасын ала алмай кетті дейді. Өз басым ол байламға қосылмаймын. Қазақ – шектен тыс балажан халық. Тірлік жасап, түтін түтетіп отырған кез келген үйдің басымы – бала. Сонда қазақ жазушыларының ішінде Бердібектен оқырманы көп көркем сөз көсемін тауып көр. Барлық үйдің «Менің атым Қожасы» бар. Олар «Біз де бала болғанбыз» деп Бекеңмен бірге «Балалық шаққа саяхат» жасап отырады.
Ауыл өмірі, ауыл балаларының мінез-құлқы, арман-тілегі, балалық бал дәуреннің қызық-шыжықтары, арсалаңдап асық атып, асыр салып ләңгі тебетін тентек шақтың шуақтары ешуақытта ұмытылмақ емес. Соның соны көрінісіндей болып, қайсы үйге барсаңыз да кітаптарымен, сол арқылы Бердібек аға Соқпақбаевпен кезігесіз де отырасыз. Оның кітаптары қаншама рет қайталанып басылса да халықтың қымбат дүниесіне айналған, оқырманның алдына жетіп, артына жетпей жататын. Неге? Жұрт жазушыны, оның шығармаларын ерекше жақсы көреді және жоғары бағалайды.
Оның тағы бір құпиясы бар. Бекең кейіпкерінің бірде-біреуін қолдан жасамаған. Өзі білетін, бірге асыр салған қазақтың қара тентектерін тезден өткізіп, жіктеп алған. Талай мәрте атап айтқанындай, басты кейіпкер – өзі. Сұрыптауы, байыптауы бар да, жасандылығы жоқ. Екі аяқты пенденің бәріне тән тума ерекшеліктерін, балаға тән балдыр қасиеттерін іздейді, табады. Соны боямасыз көрсетіп, жалғаны жоқ, жасампаз образдар жасайды. Мынау Хан тауының түстік тұсын мәңгілік мекен еткен халқының, тумаларының адами қасиеті мен қасіретін қолмен қойғандай нақты, тиянақты, қаз-қалпында суреттеп, алдыңа көлденең тартады. Оның балажанды пенделердің сүйіктісіне айналуының сыры осында.
Қай салада болмасын, жақсы дүниенің жат жұрттығы болмайды. Ал әдебиет майданында халықтың қалпын, ұлттың оң мен солын реалистік тұрғыдан зерделеген туындылар елден елге көшіп, тарала береді. Кейде оның барған жер, басқан тауын көпшілік байқамай қалатын көрінеді. Ондай жағдай Бекеңнің де басынан өтіпті.
Жетпісінші жылдардың бас шені болуы керек. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КПСС орталық Комитетінің Бюро мүшесі Дінмұхамед Қонаев Кеңес одағының партия, өкімет делегациясын бастап Францияға барады. Әлдебір сылтаумен үлкен бір кітап дүкеніне кіргенде, делегацияны бастап жүрген француз жігіті Бердібек ағамыздың француз тілінде шыққан «Менің атым Қожасын» Димекеңе көрсетеді. Бұл ойламаған олжа еді. Димекең екі данасын сатып алып, қайтып келген соң біреуін көмекшілері арқылы Бердібек інісіне бергізеді. Бұған Бекең күледі де қояды.
Сөйтсе, бұл кітабының Францияда басылғанын былайғы жұрт білмейді екен. «Білмегені дұрыс. Білсе, шынынан өтірігі, қоюынан сұйығы көп жаяу өсек желдей есіп, мені тағы бір тығырыққа тірер», – дейтін көрінеді көреген кісі. – Бұл жұрт «Менің атым Қожаның» орыс тілінде, одан кейін, Құдай жарылқағыр, Луи Арагонның қолдауымен француз тілінде жарық көріп, содан кейін Қазақстанда киноға түсірілгенін білмейтін, – дейді екен. Білетіндердің есептеуінше, қазақ жазушыларының ішінде шығармалары шетел асып, атақ-даңқтары алысқа кеткендер көп емес көрінеді. Соның бірі – Бердібек Соқпақбаев.
Ол кісі көзі тірісінде өзінің үздік шығармаларының қанша таралыммен басылып жатқанына назар аудармаған деседі. Бұл да екінің бірінде бола бермейтін тосын қасиет шығар. Екінші жағынан, оны атақ-даңқтың артына түспеген адамның айта жүрер ісі деуге де болады. Ал әдеби-ғылыми талдау тұрғысынан келгенде, Бекең – қазақ әдебиетінің ақтаңгерлерінің бірі ретінде ел-жұрттан басқадан бұрын бағасын алған жазушы. Халықтың ой-пікірі ол қайтыс болған кезде баспасөзде берілген қазанамаларда да көрініс тапты.
Ол құжатта: «Б. Соқпақбаевтың жасөспірімдерге арналған кітаптары шын мәнінде қазақ балалар әдебиетінің классикасы болып саналады. Жазушының айшықты шеберлігі көркемсөз зергерлерінің талай буынына үлгі болмақ» деп атап көрсетілген. Кейде мұндай білікті бір сөйлем емес, бір сөздің арғы жағында бүкіл дәуірдің шындығы жатады. Одан Бердібек сияқты биік тұлғалардың ақ күмістен ақталып құйылған тайтұяқ тұлғасы айқын көрініп тұрады. Қазанамадағы пайымдардан мен осыны анық аңғардым.
Бердібекке ең жоғары бағаны қабырғалы халқы берді. Мінезді жазушы одақтан да, өкіметтен де, партиядан да атақ-абырой дәметпеді және кейбіреулер сияқты олардың алдына барып бүгежектеген де жан емес. Кеңестік кесапатты жүйені, коммунизм деген алдамшы болашақты алдына тартқан компартияны, ойранды орыс ұлтшылдығын көркем шығармаларында астарлап көрсетіп, сынағаны үшін қаншама азаптанды, шығармалары жөнсіз күзелген сайын қаншалық күйзеліске түсті, есеп жоқ. Бір жағы, соның салқыны шығар, алғыс та, атақ та, марапат та алмады, насихаты өте аз болды. Осы олқылықтың орнын толтыруға титімдей болса да себі тиеме деп осы сапарға аттанып едім. Бірдеме тапқандай болдым-ау деймін.
Даңқты жазушы даңғыраған көп бөлмелі үйде өмір кешкен шығар деп ойлайтынмын, қателесіппін. Үш бөлмелі жұпыны үйді көргенде, өз көзіме өзім сеніңкіремей қалдым. Ойға баттым. Бекең жаратылысынан өте жинақы, жасандылығы жоқ, тап-тұйнақтай адам ғой. Аты әлемге әйгілі жазушының тым қарапайым өмір кешкенін табиғатына тән қасиетіне телідім. Ол өтірігі жоқ, қоспасыз өмірді насихаттаумен өтсе, өз тұрмысы арқылы соны тағы да айғақтап кетіпті. Көп қатарлы күнелтіп, тіршіліктің ыстық-суығын елмен бірдей көргенді, алмағайып уақыттың кермек дәмін көппен бірге татуды мансұқ санайтыны, сол арқылы өз тірлігінен өзі нәр, қуат алғаны аңғарылады. Оны бір жолы байқағаным бар.
1976 жылдың 15 мамыры. Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 25 жыл редактор болып, ел ағасы ретінде атағы алысқа кеткен ақтаңгер ағам – Әлнұр Мейірбеков жасы 55-ке толып, той жасады. Жұмысты біржолата қойып, еңбек демалысына кетпек. Туған жері, өскен ортасы болса да, бұл жаққа атының басын сирек бұратын Бердібек ағамыз, тағы бір топ сыйлас, сырлас жолдас-жоралары той төрінің тортасын қайырып, Әлекеңді аса бір ыстық ықылас буына бөледі. Тең тұстардың тепеңдескен әзіл-қалжыңдары біріне-бірі жалғасып, көпшілікті күлкінің күмбіріне көміп жатты. Бекең анда-санда көсіліп-көсіліп кетіп, тілін тез тартып алып, жездесінің қас-қабағын бағумен болды. Жазушы ағамыз 1951 жылы институт бітірген бойда Нарынқол орта мектебіне мұғалім болып келмей ме. Әлекең редактор. Бекеңнің өлең жазып жүрген кезі. «Бұлақ» деген атпен өлең кітабы жарыққа шығып үлгерген. Екеуі сол кезде танысып, табысып, араларынан қыл өтпейтін жақсы жолдас болып кетеді. Елуінші жылдардың ішінде Әлекең екі жыл партия мектебінде оқиды да, Әйнек тәтеміз екеуі үй жалдап Алматыда тұрады. Осы кезде Бердібек екеуінің барыс-келісі жиілеп, қимас достарша күн кешеді. Соның бір белгісі ретінде Бекең бір ұлының атын Әлнұр деп қояды.
Олар бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын айтулы азаматтар еді. Әлекең одан екі-үш жас үлкен. Бірақ күйеулігі бар. Сонысына малданып Бекең ол кісімен төл құрдасындай тіресе кететін. Тойда сөз сөйлегенде де қағытпа қалжыңын қосарлап жіберді:
Жалғыз досым бар еді мен сүйенер,
Оның өзі боп алды пенсионер.
Мұртың жетер, сақалды қоя тұрғын,
Мен вожатый болғанда, сен пионер, – деп бір шиырып тастады да: – Мен мұртты пионердің денсаулығы үшін тост көтеремін, – деп бәрімізді бір желпінтіп тастады.
Тойдан кейін Бекеңді, «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Баймолданы, Әлекеңнің алматылық майдангер құрдасы Шәкеңді үйге шақырдым. Үйіміз тарлау, тұрмысымыз жұпыны еді. Бірақ қонақтарымыз оны қомсынған жоқ. Айман осы күні біздің үйде күтпеген қонақтар болатынын сезіп, жап-жақсы дайындалған екен. Шай үстінде алғашқы мақтауын естіді. Бердібек ағам дастарханға қойылған оймақтай-оймақтай дөңгелек тоқаштарды ары-бері айналдырып, жеп көріп: – Келін қарағым, мына тоқаштарды қайда пісірдің? – деп сұрады. Айман тандырға дегені сол еді, – мен мынандай тоқашты жемегелі қашан?! Қандай дәмді, тәтті. Қаланың қатындары нан пісіріп жеуді де білмейді, – деді. – Рахмет, қарағым, қолың майлы екен, – деп тағы қосарлады.
Ертеңінде Әлекең мен Еркін Ібітановты шақырып алып, жап-жақсы отырыс жасадық. Тамақ алдында Бекең қасына Еркінді ертіп, Нарынқолды жаяу аралап келді. Кіші әкелері ауылдың батыс жағында тұрушы еді. Солардың үйіне дейін барып қайтыпты. Бірақ ешбір үйге бас сұқпаған. Көше бойлай салынған «көк» үйлердің бәріне емес, Нарынқолда тұрғанынан білетіндерінің үйлеріне қадала қарап, солардың соңғы уақыттағы тірлігін Еркіннен сұрағыштап, сол арқылы-ақ ойларын сабақтап, көңілін орнықтырған сыңайлы.
– Бекеңнің жеке креслосы осы еді. Білгендей отырыпсыз, – дейді Бибігүл жеңгеміз. – Ол үнемі осы креслоға отыратын. Осында отырып кітап оқитын, теледидар көретін, жазу жазатын. Өзі оқитын дүниелерін мына журнал үстеліне қоюды талап ететін. Пошта арқылы газет, журналдар келсе, осы үстелдің үстінде жатуы тиіс. Жазатайым басқа жерге қойылса, ренжіп: – Әр нәрсе өз орнында тұрғаны дұрыс. Анау қайда, мынау қайда деп бір-бірімізді мазалаудың керегі не? – деп отыратын.
Жеңгеміз үстел үстінде жатқан, көптен бері оқылмаған газеттерге көз қиығын тастап, жеңіл күрсініп алды. Қоғамды былай қойғанда, бір шаңырақтың астында өмір өткізген ең сыралғы қосақтардың өзі сыңарынан айырылған соң, оның қадір-қасиеттерін қайта екшеп, өзінің кейбір артық-ауыс әрекеттеріне өкінетіні бар. Бұл тағдыр Бибігүлдің де басынан өткен. Оны басқа адамдардың өтініш, сұрауынсыз жасаса, мұның өзі сағыныш сазын сыздата түсетіні сөзсіз. Сондықтан да мен солақай сұрақтар қойып, жазушы жарының жан дүниесіне жарықшақ салғым келмеді, ол тақырыпта әңгіме қозғамадым.
- Бекең жазуды түске дейін үйде жазатын. Сарылып көп отырмайтын. Қандай шығармасын жазбасын, осы әдетін бұзған емес, – дейді Бибігүл. – Түстен кейін үйде отырмайтын. Көлігіне мініп, Кеңсай алқабына, саяжайдағы үйіне кететін. Ол саяжайға барса, шалқайып жатпайтын. Анау-мынауын реттеп, жер шұқылап тыным таппайтын. Сонысымен рахаттанатын. Кішкене тершіп, бусанып жұмыс істесе, масайрап қалатын. Ертесінде қаламы жүргіштеніп, өндітіп жазып тастайтын.
Оның қолы жеңіл, Жер-анаға жұғымды еді. Не отырғызса да тез көктеп, гүл-гүл жайнап шыға келетін. Бұған: – Ой, Беке, тамаша бағбан екенсіз ғой, – деп көршілеріміз таңдай қағатын. Енді ол үй де жетімсіреп тұр, – деп жеңгеміз көңілі босап, көзіне жас алды.
Бекең тым талғампаз адам деуші еді. Бибігүл де алтын асықтай, жинақы, бір сөзді, артық күлкінің өзін ауыр көретін адам сияқты. Ағамыз екеуінің топырағын бір жерден алған ба дерсің. Зейнеткерлік демалысқа шыққанша дәріханада жұмыс істепті. Соның өзі ол кісіні артық қимыл, көпсөзділіктен аулақтатып, тумысынан қағілез адамды тап-тұйнақтай етіп жібермеді ме екен. Ол да мүмкін ғой.
Мен жеңгемізбен кең-мол сұхбаттастым. Сол диалогтардың кейбірін кірістіре кетейін.
– Шыны керек, мен сіздерді бұдан да кең, көп бөлмелі үйде тұратын болар деп едім?
– Тұруға болар еді. Бірақ Бекең оған ұмтылмады. Бұрын Төле би мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы үйде тұрғанбыз. Жасы ұлғая бастағанда Бекең оны жайсыз көрді. Күндіз-түні тынбайтын автокөліктердің гуілі мазасын кетіре берді. Айналамыз да шулы болды. Тахауи, Сейдахмет, тағы басқа жолдастары «Одаққа, бастықтарға барсайшы. Басқа пәтер жөн ғой. Балаларың да есейді. Саған қалай да бір жайлы пәтер береді», – деп айтып жүрді. Алайда Бекең үй сұрап ешкімнің алдына барған жоқ. «Балалардың күні өзіне. Осы үйді бұдан кішірек болса да, жайлы жерден айырбастап алсақ болды да», – дейтін. Ақыры айтқанын істеді. Көшеге жарнама іліп жүріп, осы үйге орнықтық. Біздің орталықтағы бұрынғы үйімізде қазір бір жас отбасы тұрады.
– Балалар жөнінде елдің білгісі келеді?
– Екі ұлымыз бар. Оқыған. Үлкенінің аты – Әлнұр. Нарынқолда Бекеңнің іздеп барып, аман-сәлем жасайтын жолдасы, сырласы. Сіздердің бұрынғы редакторларыңыз бар ғой. Тұңғышына сол кісінің атын қойды. Балалар әкесінің кіммен жолдас болғанын біле жүрсін, дейтін. Екінші баламыз – Мұхтар. Ол 1962 жылғы. Ұл артынан дүниеге ұл келгенде, қатты қуанып, оған: «Мұхтар атаң мықты еді, атын қойдым дананың. Сондай бол деп мен сені, зорламаймын қарағым», – деп өлең де арнаған. Екі-үш немереміз бар. Үлкеніне өзінің ең жақсы көретін жолдасы Тахауидің есімін берді. Бекең әке, ата ретінде өз билігінің тізгінін басқаға ұстатқан адам емес. Айтқанын істететін.
– Ұмытпасам, Бекеңнің:
«Жазған жоқпын өлеңді ермек үшін,
Жоқ, барды ертегіні термек үшін.
Қатын екеу, бала үшеу, жаздым міне,
Сендерге тамақ тауып бермек үшін» – деген өлеңін оқығаным бар еді?
– Иә, сіз бәрін біледі екенсіз ғой. Бекеңнің алғашқы әйелінен бір қыз бар. Аты – Самал. Үйлі-баранды. Ғылыммен айналысады. Жақсы аудармашы.
– Келіп тұра ма?
– Әкесімен қатысады.
– Бекең көбінесе елге жалғыз баратын. Бұл қалай? Әлде ағамыз сізді әдейі қалдырып кетуші ме еді?
– Жоқ. Бұл көбінесе менің жұмыс жағдайыма байланысты болды да, кейін қалыптасып қалды. Дәріханада жұмыс істедім. Жырылып кете алмайсың. Өтініш жасай беру әдетімде жоқ нәрсе еді. Кейінгі жылдары Бекең бұл тақырыпта әңгіме қозғап жүрді. «Бикетай, (үйде ол мені осылай атайтын) қойшы осы тірлікті. Жұмысың ауыр екен. Алатының да белгілі. Жетеді ғой, менің тапқаным», – дейтін. Мен Бекеңнің бұл талабын орындағым келмеді. Сол жұмыста жүріп, зейнеткерлік демалысқа шыққым келді. Дегеніме жеттім. Бірақ Бекеңнен айырылып қалдым. Мен о бастан жұмысты қойып, қосақтасып қасында жүрсем, тосын жағдай болмас па еді деп те ойлаймын. Ой өкінішті өршітпесе, азайтатыны көрінбейді. Енді бәрі кеш.
– Байқаймыз ғой, Бекең тамаша жазушы ретінде елуге жетпей елге танылды. Алпысында әлем оқырмандарымен қауышты. Соған қарамастан Алматыда 60 жасқа толған мерейтойы тойланбай қалды. Өз басым осыған таңмын?
– Бұл Бекеңнің өзінен болғанын білемін. «Алматыны менің 60 жылдығыма дүрліктірмей-ақ қойыңдар. Оның бәрі – басы артық дүние. Даңғазалықтың не қажеті бар? Маған оқырман сүйіспеншілігінен басқа құрметтің керегі жоқ», – деп, Одаққа арыз жазып беріпті. Телестудиялардан да шақырту алды, бірақ барған жоқ. Осы кезде ғой деймін, «Қазақ әдебиеті» газеті Тахауи, Сайын үшеуінің тұтқиылдан түсірілген суретін басқан екен. «Мынаның өзі жетіп жатыр. Өмір бар ғой мұнда» деп риза болғаны бар. Біз Бекеңнің 60-қа толғанын араласып жүрген жақын жолдастарын шақырып, үйімізде атап өттік.
– Жеңге, жақын адамдар дегеніңізден шығады. Бекең, келсе-келмес кісілермен араласа бермейді. Бұл жағына тым талғампаз деуші еді?
– Ол рас. Үлкен отырыстарға бармайтын. Табиғатынан көпсөзділікті, бөспелікті, жағымпаздық пен атаққұмарлықты жек көретін. Думандатқан тойларда сондайлардың көсілетіні бар ғой. Соны суқаны сүймейтін. Содан да Бекең тез шаршап қалатын. Кейде соңына дейін отыра алмай, рұқсат алып кетіп қалатын. Елдің алаурап айтқан артық-ауыз сөзі мен жасанды қылықтарынан қашатын.
Тахауи Ахтановпен көбірек араласты. Марқұм Сейдахмет екеуі ағалы-інілі болып жақсы сыйласты. Сафуан ағамызбен бірге болғанды ұнататын. Сайынды, Тұманбайды жақсы көретін. Қысқасы, ол өзін сыйлағандарды үнемі қадірлейтін. Бұл жағына талғампаз болатын.
– Ал, жазған дүниелеріне ше?
– Өзінің жазғандарына өзі риза болмай, қайтадан сызғыштап жүретін. Кейде жыл он екі ай жазуға отырмай кететін. Шығармаларының басты кейіпкері өзі ғой. «Қожа өзге емес, менің өзіме көбірек ұқсайды», – деп жазғанын оқыған шығарсыз. Сондықтан балалық, жігіттік шағын, артық-кемі көп қылықтарын, қайта-қайта тезге салған оңай емес болу керек. Өз басым Бекеңнің жүрек ауруына душар болуын осыдан көремін. Өзін-өзі қинай беру қандай азап. Ақыры өкініш болды.
– Мен ел ардағы атанып жүрген ағаларымыздың біразының Бекең жөніндегі ұрмалы пікірлерін жазып алып едім. Соны сізге оқып берейін, – деп жазу дәптерімді парақтадым. «Міне, міне: – Саясаттан сая іздемей, ресми идеологияны жақтамай өткен Бердібек шығармаларында ақиқатшылдықты темірқазық тұтты. Өзі қалтқысыз білетін өмірді ғана қалтқысыз жазып кетті» – депті мұзбалақ ақын Мұзафар Әлімбаев.
– Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы бетін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары, міне, осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес, – дейді қазақтың қаранар ақыны Қадыр Мырза-Әлі. Бекең өзі туралы жазылған осындай дүниелерді жинаушы ма еді?
– Ондайын байқаған емеспін. Өз жазғанының артық, кемін өзі екшегенді жақсы көретін. Бұл жағына тым қатал болатын.
– Соңғы сұрағым болсын. Бекеңе қалай үйлендіңіз? Әлде ағамыз сіздің қақпаныңызға қапылыста түсіп қалды ма?
– Мүлде олай емес. Екеуміз мен жұмыс істейтін дәріхана алдында таныстық. Қасында жеңгесі бар екен. Бекең әйелі болғанын, одан қызы бар екенін, қазір бірге тұрмайтынын, бәрі-бәрін айтты. Арада біраз уақыт өткен соң тағы кездестік. Маған ұсыныс жасады. Мен де тік мінез едім. Маған келмей-ақ қоюын өтіндім. Қандай қайсарлық. Ренжіген де жоқ, қолқалаған да жоқ. Бір жарым жыл атізін салмай кетті. Бір күні ойламаған жерден дүкен ішінде кездесіп қалдық.
– Әлі үйленген жоқсың ба? – деді амандық сұрасып алып.
– Жоқ, алысқа кеткім келмеді, – дедім.
– Дұрыс, кетпе. Алматыда қал. Енді он күннен кейін кездесуімізге бола ма? – деді. Мен басымды изедім. Сонымен екеуміз некелі болдық. 1960 жылдың мамыр айында үйленіп едік. 32 жыл бірге өмір сүрдік. Енді міне, ол жоқ, қара ордасын күзетіп мен отырмын.
Бибігүл жеңгем осыны айтып, тағы босады. Мен Бекең жасаған әйел образдарының ішінен оның бет-бейнесін іздеп, бірде тауып, бірде адасып кете бердім… Ағаның ақ босағасы шайқалғанымен, шатынамаған екен деп ойладым.
Жылжып жылдар өтер. Даналарымыз «Бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді» демеуші ме еді? Бұрынғының бәрін түгендей алмаспыз. Ал бірегейлерін, мысалы, Бердібектей классик жазушыны қалай ұмытамыз? Қарашы, балаларымыз, немерелеріміз оның туындыларын ту етіп көтеріп, атын әспеттеп жүрсе, саған не жорық?
Кейде осындай ойлы-қырлы ойға қаламын. Өткендерді жоқтаймын, Бердібекті жоқтаймын. Басқа басқа, балалық бал дәуренімнің бапкерін, бағбанын, сен үшін, сен сияқты мыңдаған өрені үшін саналы өмірін сарп еткен, қарадомалақ қазақ балаларын қаз-қалпында төрткүл дүниеге тасқа таңба басқандай етіп, шыншыл шығармалары арқылы өрнектеп, сөз-сурет арқылы сомдап бергені үшін оны ұмытуға тиіспіз бе? Айта көрмеңіз. Оның ұлылық бейнесі біз үшін сағымға оранған сағыныш. Ол сағыныш ешуақытта бәсеңдемейді. Бердібектің 100 жылдық ғасыр тойының ЮНЕСКО көлемінде өтетінінің өзі төбемізді көкке тигізуге аз қалды. Тойдың дүбірі жер-жерлерде енді ғана екпін ала бастады. Қандай рахат…
Желдікбаев Дәулет Ахметбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты