Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету, қазіргі заманғы үрдістер мен сын-қатерлерге жауап беретін, қоғамды топтастыруға және азаматтық бірдейлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық саясатты құру.
Бұл ретте доктрина ақпараттық саланың барлық қатысушыларының мынадай негізгі өзара іс-қимыл қағидаттарын айқындайды:
сөз бостандығы;
ақпаратқа қол жеткізу;
дамуға бағдар;
сенім және құпиялылық;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Үкіметке үш ай мерзімде Ақпараттық доктринаны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу және бекіту тапсырылды.
Құжатпен Ақорданың сайтынан танысуға болады.