Облыс көлемінде 300-ден аса туристік нысан цифрлық көшірмеге енгізіледі, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Цифрлық көшірменің негізгі мақсаты – халық пен билік арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар басқармасы көшірмеде барлық саланы қамтып, оның тұрғындар үшін ақпараттық қолжетімді болуына күш салып жатыр. Бұл туралы толығырақ баспасөз мәслихаты барысында туризм басқармасының инфрақұрылымды дамыту және туристік жобаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Шерхан Есентеміров айтты.
Жоба шеңберінде облыстың проблемалық мәселелерінің, жер учаскелерінің, ветеринариялық станциялар мен туристік нысандар, ерекше қорғалатын аумақтардың, құрылыс нысандарының, қылмыстар бойынша тақырыптық үш өлшемді және екі өлшемді карталары іске асырылды.
Облыстың бас санитариялық дәрігерінің ақпарынша, аймақта бақылауда тұрған санитариялық қорғау аймақтары енгізілді. Спикердің айтуынша, цифрлық көшірмеге енгізудің негізгі мақсаттарының бірі – жер учаскелерін заңсыз берудің алдын алу. Бұдан бөлек, өнеркәсіпте экологиялық құқықбұзушылықты азайту.
Сонымен қатар, облыстағы туризм саласын дамытып, саяхатшылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін басты назарға ала отыра, нысандар туралы ақпарат жүйеге енгізіледі. Жалпы алғанда қазіргі таңда туристік нысандарды картаға енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
«Негізгі танымал 33 нысанның 9-ы Алматы облысына тиесілі. Қазіргі таңда туризм саласын қарқынды дамыту мақсатында көшірмеге 300-ден аса шағын нысандар енгізілді”, – деді Шерхан Сержанұлы.
Ал, Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абат Мұратұлының айтуынша, картада өңірдегі орман шаруашылықтары түгел көрсетіледі. Алматы облысының жалпы орман қорының аумағы 2,2 млн. га, оның орманмен көмкерілгені 1,2 млн. га құрайды. Көшірмеде мемлекеттік орман қоры жерлерінің картасы, жалпы ауданы мен көмкерілген аумақтары, штаттық бірліктері, орман күтуші үйлері және иеленушіге тиесілі аумақта мекен ететін аң-құстардың түрлерін картаға тіркеу жұмыстары жұргізілуде деп қорытындылады.