Басы ауырып, балтыры сыздаған адамға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету маңызды. Осы орайда еліміз көлемінде денсаулық сақтау саласында оң бастамалар қолға алынып, озық жобалар жемісті жұмыс істеп келеді. Соның бірі – медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің үздік тәжірибелер орталығы.
Еліміз бойынша мұндай орталық тұңғыш рет 2022 жылы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының базасында ашылды. Оның жұмысы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және отбасылық медицина қағидатын енгізуге бағытталған. Қанатқақты жобаның осында бастау алуына аудандық көпбейінді аурухананың әлеуеті, жұмыстың жүйелі түрде жолға қойылғаны, халықтың тығыз орналасқандығы ескерілген.
Озық технологияларды пайдалана отырып, мамандардың кәсіби құзыреттілігін аттырып, халық денсаулығы үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында құрылған орталық өз жұмысын жоғары деңгейде жүргізіп келеді. Тәулігіне 500-700 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар, «Медицина саласының үздігі», білікті басшы Жәмила Әбеуованың жетекшілігіндегі медицина мекемесінде 299 дәрігер, 1165 медбике дертіне дауа іздеген науқастардың тезірек сауығып кетуі жолында аянбай еңбек етуде. Мұндағы 214 дәрігердің, 450 медбикенің біліктілік санаты бар. Уақыт талабына сай жаңарып, МРТ, КТ, маммограф, УЗИ және тағы басқа заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. «Медицина саласының үздігі», «Шапағат» медалін кеудесіне таққан Гүлмира Отынбекованың былтыр облыс бойынша «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» атанып, ауданның абыройын асқататқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, 35 жыл бойы табан аудармай абыройлы қызмет атқарып келе жатқан «Құрмет» орденің иегері, дәрігер-инфекционист Шарван Кусульбекова ұжымының мақтанышы саналады.
Орталықта отбасылық дәрігер, патронаттық медбике, акушер, әлеуметтік қызметкер мен психолог кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетуде. Жаңа жүйенің жұмысы отбасылық медицинаға негізделгендіктен бұрынғы терапевтік және педиатриялық қызметтерді отбасылық учаскелік топтар алмастырып, оның құрамындағы жалпы тәжірибелік дәрігер, отбасылық үш медбике, әлеуметтік қызметкер мен психолог тұрғындарға медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетеді. Бұл жүйе науқастардың дәрігерден дәрігерге жүгіруін азайтуға және аурудың алдын алу бойынша көрсетілетін қызметтер санының артуына септігін тигізуде.
Медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға бағытталған бұл жобаға қызығушылық танытушылар да аз емес. Орталық ашылғаннан бері еліміздің бірнеше облысы мен Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Тәжікстан мемлекеттерінен медицина саласының мамандары келіп, тәжірибе алмасқан. Аудандық аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуованың айтуынша, соңғы кездері созылмалы науқастардың дәрігерлер мен медбикелер тарапынан дер кезінде ем алуына байланысты күндізгі стационарға жатуға ниет білдірушілер саны азайған. Бас дәрігер мұны осы жобаны жүзеге асыру барысында қол жеткен жетістіктің бірі ретінде атап өтті.
Халықтың денсаулығын нығайту мен өмір сүру сапасын жақсарту ескеріле отырып, отбасына бағытталған тәжірибеге көшу жүйесі қамтамасыз етілген тәжірибе орталығында әлеуметтік-психологиялық қызметті дамытуға ден қойылған. Дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігі арттырылып, оқу-семинарларға қатыстырудың маңызы ескерілген. Медициналық-әлеуметтік кеңес беру және әдістемелік көмек көрсету кезінде медбикелердің емделушілерге қолдау көрсетудегі қызметтерін кеңейту арқылы екіжақты сенімді қарым-қатынас құруға болатынына көз жеткізілді. Сайып келгенде, отбасылық медицина моделіне көшіп, ұжымдық жұмыстың үнемді түріне өткен орталықтың жұмысында ілгерілеушілік барлығы байқалады.
Жоба аясында тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында «Халық кеңесі» құрылды. Саламатты өмір салтын ұстануға, оны ел арасында насихаттауға және халықты өздігінен атсалысуға жұмылдыратын «Саламатты қала», «Алкогольсіз ауыл», «Ерлердің ұзақ өмір сүруі», «Психикалық денсаулық – жадты сақтау» сияқты жобалар медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жұмысындағы Еңбекшіқазақ көпбейінді аудандық ауруханасының маңызды тармақтарына айналды.
Құралай Мұратқызы,
Еңбекшіқазақ ауданы