Бердібек Соқпақбаев – өзі ғұмыр кешкен кезеңнің келбетін қаз- қалпында суреттеген біртуар жазушы. Ашаршылық пен жетімдіктің зардабын тартқан қаламгер бұл жайында “Балалық шаққа саяхат” повесінде анық жеткізген.
Балаға тән еркелік пен шолжаңдық Бердібек атада болмаған. Анасы ұзақ уақыт науқастанып, көз алдында өмірден өтеді. Бұл шығармада сегіз жастағы бұғанасы қатпаған бала Бердібектің бір үзім нан үшін ауыр жұмысқа жегілгені, емшектегі інісі Тұрдыбектің тоқтаусыз жылағаны, жетімдіктің зардабын шеккен қиын күндері бейнеленген. «Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар – менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!».
Жазушы өз естелігінде балалық шағының ауыр күндерін былай жеткізген еді: «Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Ұжымдастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын».
Қаламгердің кейіпкерлерін ешқашан көтермелеп, әсірелеп жазбағанын Жүсіпбек Қорғасбек «Өзгеше ойлы қаламгер» мақаласында былай баяндайды: «Жазушы жанына ең жақын адамның бейнесін: «Әкем Ыдырыс кең өңеш, қомағай адам. Қасық оның қолына тиген кезде тостағандағы талқанның бір жамбасы үңірейіп қалады» деп келтіреді. Оның алды-артындағылар «әкем менің» деп жазғанда үстіне бір түйір тозаң қондырмайтын. Әдеби кейіпкер болған соң, әжуалап жазғаны ма дейін десең, өмірбаянында да әкесінің есімі Ыдырыс екені тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр. Ол аздай келесі бір бетінде: «Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап селбіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды», – дейді. «Осы кісі өз әкесін жазып отыр ма?» деп, өмірбаянына ұрланып тағы қарайсың. Осыдан соң жаңа бір әзірде атүсті сыдыртып шыққан бір-екі эпизодты тауып алып, қайта шұқшиясың. Жазушы: «Шешем Әсбет тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қайрап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді», – деп қояды».
Бердібек Соқпақбаевтың сан соқпақтан өткен шығармалары бүгінгі күнге дейін оқырман қолында. Қазақ әдебиетінде есімі алтын әріптермен жазылатын Бердібек атамыз тарихтың ұмытылмас тұлғасы ретінде жүректерде мәңгі сақталады.
Айтолқын Үтемеш,
Нарынқол балалар кітапханасының қызметкері
Райымбек ауданы