Оқушылардың асыға күтетіні – жазғы демалыс. Бұл – бой сергітіп, көңіл көтеретін керемет уақыт. Балалық шақтың әдемі естеліктері де көбіне осы жаз мезгілімен байланысты болады. Алайда дәл осы кезде балалар әке-шешесінің қарауынсыз, үйде жағыз қалатыны тағы бар. Сондықтан олардың өмір қауіпсіздігі үшін алаңдайтынымыз анық.
Осы орайда «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты ата-аналар балаға көбірек көңіл бөлуі үшін «Балаңа уақыт арна!» акциясын жариялады. Қоғамда отбасы институтын нығайту және рөлін арттыру, ата-аналарды бала тәрбиесі мен оның өмір қауіпсіздігіне ден қоюға шақыру мақсатында қолға алынған акция бүгінде бүкіл Қазақстанды қамтып отыр. Жазатайым оқиғалардың алдын алып, бос уақытты барынша балалардың жанында өткізу, олардың демалысын жүйелі ұйымдастырып, тәрбиесіне мән берудің маңызы зор. Сондықтан еліміздің түпкір-түпкірінде «AMANAT» партиясы түрлі іс-шаралар өткізіп, жазғы демалыстың оқушылар үшін көңілді әрі барынша пайдалы өтуіне үлес қосып жатыр.
Аталған акция аясында партияның Еңбекшіқазақ аудандық филиалы көпбалалы отбасынан шыққан балаларды «Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне» апарып, туған жердің тарихымен таныстырды. Ел Тәуелсіздігінің символына айналған «Алтын адам» өздері тұрып жатқан топырақтан табылғаны балалардың бойындағы мақтаныш сезімін арттыра түсті. Музей қызметкерлері оқушылардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, оларға экспонаттар жайлы мол мағлұмат берді. Музейден рухани сусындап шыққан балаларға тәтті балмұздақ таратылды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ