Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында көктемгі егіс науқанына дайындық барысын пысықтап, кемшіліктерді жоюға тиісті тапсырмлар берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-министрдің сөзінше, үкімет биыл көктемгі егіс науқанына былтырғыдай 140 млрд теңге бөлуді қарастырып отыр. 413 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен бөлінген. «20 млрд теңге алдын ала сатып алуға, 87 млрд теңге субсидия түрінде қарастырылған. Мемлекеттің қолдауына ие болу үшін фермерлер белгілі бір талаптарды орындауы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр фермерлер тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын дәрілерді уақытында қолдану талаптарын орындамайтынын, сарапшылар есебінше, салдарынан жыл сайын 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай аз жиналатынын айтып өтті.
«Тыңайтқыштар ғылыми түрде талап етілетін көлемнің 26 пайызы мөлшерінде ғана шашылады. Тіпті көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш жоғары. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді, мемлекет фермерлердің тыңайтқыш алуына субсидия бөледі. Сондықтан барлық өндірісті ең алдымен отандық нарыққа бұру қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Жиын соңында премьер-министр ауылшаруашылығы министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және әкімдермен бірлесіп аталған бағытта жұмысты жандандыруды тапсырды.