Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова 2023 жылдың 19 наурызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен сайлауын өткізудің жай-жапсарын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
Мейрамгүл Қазбекқызының айтуынша, Парламент Мәжілісіндегі 98 депутаттық орынға 69 партиялық тізім, 29 бірмандатты округ бойынша үміткерлер сайланады. Еліміз бойынша құрылған 29 бірмандатты сайлау округінің екеуі Алматы облысында орналасқан. Орталығы Қонаев қаласында орналасқан №11 сайлау округіне Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар ауданы мен Қонаев қаласы кіреді. Іле, Балқаш, Қарасай, Жамбыл ауданы енген №12 сайлау округінің орталығы – Қаскелең қаласы.
Облыстық мәслихатқа депутаттар 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз бір мандатты округ бойынша сайланады. Облыстық мәслихаттағы 38 орын аудандардағы сайлаушылар санына қарай бөлінген. Мәселен, облыстық мәслихатқа Қонаев қаласынан 1 депутат, Қарасай ауданынан 4 депутат бір мандатты округтен сайлана алады. Облыс бойынша 6 саяси партия тізім ұсынған. Аудандық мәслихат депутаты болып бір мандатты округтен ғана сайлану мүмкіндігі бар. Аудандық мәслихаттағы депутаттық орын да сайлаушылар санына байланысты.
– Сайлау күні кандидаттардың сенім білдірген өкілдері, байқаушылар, БАҚ қызметкерлері тиісті құжаттары болған жағдайда учаскелерде сайлау барысын бақылауына болады. Кейде бақылаушы деп те айтып жатады, бақылаушы емес, байқаушы деп дұрыс атау керек. Бұрындары қоғамдық ұйымдардың өкілдері сайлау кезінде байқау жүргізе алатын. Ендігі жерде заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қоғамдық ұйымдар сайлауда байқау жүргізу үшін аккредиттеуден өтуі тиіс. Бүгінде облыста аккредиттеуден өткен 16 қоғамдық ұйымның өкілдері ғана сайлауды бақылау мүмкіндігіне ие болып отыр. Аккредиттеуден өтпеген өзге қоғамдық бірлестіктердің өкілдері сайлау барысын бақылай алмайды. Сонымен бірге ОSCE-нің Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының халықаралық байқалаушылары да сайлау барысын бақылайды, – деді Мейрамгүл Айтова.
Брифинг соңында баяндамашы учаскелік сайлау комиссияларының 15 ақпаннан бастап жұмыстарына кіріскенін, үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары 18 ақпанда басталғанын айтып, сайлауда қолданылатын А5 форматындағы 5 түрлі түсті бюллетень үлгісін таныстырды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы