Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / Ғасыр ғұмыр – мәңгілік жыр

Ғасыр ғұмыр – мәңгілік жыр

45 қаралым

         Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Огни Алатау» газетінің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі, белгілі журналист, жазушы, өлкетанушы Исмаилжан Иминовтың «Айтыс длиною в жизнь» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оған белгілі ақын-жазушы, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, оқырмандар және Жамбыл ауданынан келген қаламгердің жерлестері қатысты.

         Ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған еңбекте жыр алыбының ғасырға жуық ғұмыр жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен қамтылған. Автор кітапта Жамбылдың өнер жолындағы алғашқы қадамдарынан бастап халыққа кеңінен танылған кезеңіне дейінгі өмір белестерін баяндайды. Сондай-ақ ақынның ұстазы Сүйінбай Аронұлы, шәкірттері мен замандастары туралы көпшілікке беймәлім деректер бар. Алатаудың баурайындағы өңірдің  рухани өмірі қамтылған еңбекте Жамбылдың имам Абдықадыр қари Иминовпен арадағы достығына да ерекше назар аударылған. Кітапқа тарихи құжаттар мен тағылымды тұлғалар туралы очерктер енгізілген. Ұлы ақынның өмірі мен мұрасын тереңірек танытып, өңірдің тарихы мен рухани құндылықтарын дәріптейтін құнды еңбекте, сонымен қатар ақынның есімі берілген ауданнан шыққан, сол аймақта еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азаматтар туралы да жазылған.

         Әдеби кешті Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі, суретші, ақын Әуелбек Ысқақ жүргізді. Исмаилжан Иминовтың айтуынша, Жамбыл туралы кітап жазу оның бала күнінен бергі арманы болған. Бұл арманының отбасылық тарихпен де байланысы бар. Ұлы ақын дүниеден өткенде, автордың әкесі ауыл имамы ретінде Жамбыл атамыздың жаназасын шығарған. Әкесінен естіген осы оқиға да Исмаилжан Абдықадырұлының Жамбыл мұрасына деген қызығушылығын арттырып, тақырыпты терең зерттеп, ұзақ жылдар бойы дерек жинауға жетелеген.

         Шараға  белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Надежда Лушникова, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев, облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Қуаныш Тұнғатар мен Забира Сайдильдина, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінің меңгерушісі Салтанат Тезекбайқызы, «Әділет» партиясы Жамбыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділбек Қамбарұлы, алматылық зиялы қауымнан Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров, «Литературный Алматы» альманахының бас редакторы Лариса Лазарева, «Алма Ю» университетінің ректоры Асылбек Қожахметов, филология және философия ғылымдарының докторы Альмира Наурызбаева, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Мұхаметжан Абдуллаев, Парламент Сенатының экс-депутаты Марс Баталов қатысып, автордың жаңа кітабына байланысты ізгі тілектер айтты.

         «Исмаилжан ағамыздың журналистік жолы «Огни Алатау» газетімен тығыз байланысты. Осыдан елу жыл бұрын алғашқы мақалалары жарық көрген газетке ол бүгінде меншікті тілші ретінде туған өлкенің тарихы мен елге еңбегі сіңген азаматтар туралы жазып жүр. Исмаилжан  Иминов бұған дейін Шоқан Уәлиханов туралы құнды еңбек жазып, оның тұсаукесері де осы кітапханада өткен болатын. Жамбыл мұрасына арналған бұл кітабының жөні бөлек. Қаламгерге шығармашылық шабыт тілейміз. Туындылары оқырманның ыстық ықыласына бөлене берсін!– деді «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев.

         Исмаилжан Иминов өзінің жаңа еңбегі туралы: «Мен Жамбыл туралы ақиқатты айтқым келді. Ол 20-ғасырда емес, 19-ғасырдың 60-шы жылдарында-ақ ақындығымен елге танылған. 20-ғасырдың басында қазақ пен қырғызға ортақ үздік ақын ретінде мойындалды. Ал әлемдік даңқы 1936 жылы асқақтағанымен, халық құрметіне ол сонау 19-ғасырдың 90-шы жылдарында-ақ бөленген»,– дейді Исмаилжан Иминов.

         Өзінің ғасырлық ғұмырында артына мәңгілік мұра қалдырған Жамбыл есімі әлі талай туындыға арқау болары күмәнсіз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Алматы қаласы

↑