Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Әлемдік деңгейдегі дипломат

Әлемдік деңгейдегі дипломат

37 қаралым

Қазақстан халқы жыл сайын елдің бүгіні мен болашағы жайлы жоспарды жария ететін Мемлекет басшысының Жолдауын естуге дағдыланғаны анық. Бұл жолы да ертеңімізге меже болатын осы бір маңызды құжатты асыға күткен едік. Қасым-Жомарт Кемелұлының ауқымды да аса маңызды Жолдауын мұқият тыңдап, көңіліміз марқайып қалған жайымыз бар.

Сөзінің басында Мемлекет басшысы әлемде орын алып отырған шетін жағдайға тоқталып, халықаралық қатынастардың шиеленісіп кеткеніне алаңдаушылық білдірген. Ол, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін таппай келе жатқанын айта келіп,  алдымызда көптеген өзекті міндет тұрғанына баса тоқталған.  Бұл жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керектігі, бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны да даусыз ақиқат.

– Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.   Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.   Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.   Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ.   Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қалыптасқан ахуалға өз бағасын беріп.

Иә,  тәуелсіздігіміздің 35 жылдық белесінде барлық биіктерді бағындырмағанымыз анық. Мемлекет басшысы осы олқылықтың орнын толтыру жолында күндіз-түні тыным таппай еңбек етуде.  Алайда бұл мәселе тек қана ел экономикасын көтерумен ғана шектермейтіні тағы белгілі.

 – Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.   Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.   Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек!

Жолдауды тыңдай отырып мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әдемдік деңгейдегі дипломат екеніне тағы бір көз жеткізгендей болдым!

Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,

Қарасай ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы

Қарасай ауданы

↑