Перейти к содержимому

Қолаға қол жеткізді

28 қаралым

Иордания астанасы Амман қаласында 35-40 жас аралығында еркін күрестен әлем чемпионаты өтті. Ардагерлер арасындағы байрақты бәсекеде жерлесіміз Дәулет Бекқожаев қола жүлдегер атанып, мерейімізді үстем етті.

Дәулет Сағымбекұлы – Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылының тұрғыны, белгілі кәсіпкер. «Tarte Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы әрі «Chicken Express Aport» мейрамханасының франчайзиі. Кәсіпкерлікпен қатар, спортты да өмірінің маңызды бөлігіне айналдырған. Көптеген республикалық марафон мен жеңіл атлетика жарыстарының жеңімпазы мен жүлдегері. Мәселен, Жетісу облысындағы бірінші республикалық марафонда бірінші орынды иеленген. Сондай-ақ «Qazag Marathon Qonaev» және « Sky Speed» жарыстарында жоғары нәтиже көрсеткен. Ардагерлер мен әуесқойлар арасындағы әлемдік деңгейдегі белсенді балуан. Ол 2024 жылы Поречте және 2025 жылы Татабаньяда өткен әлем чемпионатында үздік бестікке енген. Сонымен қатар ол әуесқой футболшы. Әкесі Сағымбек те күреспен айналысқан, бірнеше мектепте мұғалім, директор болып қызмет атқарған.
Міне, Дәулет араға 17 жыл салып, бозкілемге қайта шықты. Бұл уақыт ішінде көп нәрсе өзгергенімен, оның күреске деген құштарлығы сол қалпында екен. Иорданияда өткен әлем чемпионатында 70 келі салмақта тамаша өнер көрсетіп, қолаға қол жеткізді. «Алтынға талас әлі алда, Сол мақсатқа жету үшін бар мүмкіндікті жасауға тырысамын», – дейді ол.
Әлемдік додадан жүлдегер болып оралған Дәулетті жерлестері зор қуанышпен қарсы алды. Астына ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Ел алғысынан үлкен марапат жоқ. Жеңіс-жеңіске ұлассын!

Анарбек БЕРДІБАЕВ
Еңбекшіқазақ ауданы

↑