Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VII ЕСІК ОҚУЛАРЫ» ӨТТІ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VII ЕСІК ОҚУЛАРЫ» ӨТТІ

56 қаралым

2026 жылғы 30 қазанда «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы археологиялық зерттеу институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Алтын адам мұрасын зерттеу және сақтаудың өзекті мәселелері: археология, археогенетика, музейлендіру және тарихи-мәдени интерпретация» тақырыбында «VII Есік оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Дәстүрлі ғылыми басқосу Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Италия және басқа да елдердің зерттеушілері мен ғалымдарының басын қосты. Конференция барысында Еуразия кеңістігіндегі археологиялық зерттеулердің жетістіктері, Есік жазуының тарихы мен көне жазба мәдениетіміз, сондай-ақ Алтын адамның шетелдерде зерттелуі мен тарихи мұраны халықаралық деңгейде таныту мәселелері талқыланды.Іс-шара «Қазақстан – Қытай: археологиялық мұраны сақтау жолындағы ынтымақтастық» атты көрменің ашылуымен басталды. Экспозицияға 2025–2026 жылдары «Есік» музей-қорығы мен Шэньси провинциясы археологиялық зерттеу институтының ынтымақтастығы нәтижесінде қайта қалпына келтірілген жәдігерлер қойылды.Конференция Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Қанат Жұмабайұлы Ысқақтың құттықтау сөзімен ашылды. Құттықтау лебізін қатысушыларға «Есік» музей-қорығының директоры Ә.С. Қойлыбаев жеткізді.Құттықтауда Ұлы даланың бай тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу ұлттық бірегейлікті нығайту мен тарихи жадыны жаңғыртудың стратегиялық негізі екені атап өтілді. Сондай-ақ Алтын адам феноменін, Есік жазуын және көшпенділер мәдениетін кешенді зерделеудің маңыздылығы айтылып, екі ел мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижелеріне жоғары баға берілді. Министр конференция аясында көтерілген ғылыми бастамалар мен тұжырымдар тарихи-мәдени мұраны қорғаудың жаңа тетіктерін айқындауға үлес қосатынына сенім білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.Бұдан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Донесұлы Жақау университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Тілеп Болат Анапияұлының құттықтауын жеткізді. Ректор өз сөзінде басқосудың ғылыми және қоғамдық маңызын атап өтіп, Абай университеті мен «Есік» музей-қорығының бірлескен зерттеулері нәтижесінде қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Сондай-ақ археология ғылымының қарқынды дамуы жаңа зерттеулерге жол ашатынын, соның ішінде Есік жазуының құпиясын ашу бағытындағы ізденістер жалғасын табатынына сенім білдірді.«Біздің ұстанымымыз айқын: археологиялық мұра – тек зерттелетін тарихи дерек қана емес, сонымен қатар жаңа буын зерттеушілерін тәрбиелейтін ғылыми-білім беру кеңістігі. Сондықтан «Есік» музей-қорығымен әріптестігіміз бірлескен экспедициялар, ғылыми жобалар, студенттік практикалар, музейлік білім беру бағдарламалары және халықаралық академиялық байланыстар арқылы нығая түсетініне сенімдіміз», – деді ректор.Конференцияның пленарлық отырысына Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Италия ғалымдарымен қатар отандық зерттеушілер де қатысып, Есік жазуының шығу тегі мен ғылыми маңызы, ежелгі түркі жазба ескерткіштері және сақ дәуірінің археологиялық құндылықтары жөніндегі зерттеулерін ортаға салды. Баяндамалар тарихи мұраны зерттеу, Алтын адамның бейнесін ғылыми негізде қайта қалпына келтіру және оны халықаралық деңгейде таныту бағытында әлі де атқарылар жұмыстың ауқымды екенін көрсетті.Атап айтқанда, әзербайжандық ғалым Фирудин Джалилов Есік жазуының тіліне тоқталса, қытайлық зерттеуші Дин Янь қытай жазба деректеріндегі үйсіндер туралы мәліметтерге қатысты зерттеулерін таныстырды. Түркістандық ғалым Бекжан Орынбай Есік жазуының тарихи және картографиялық маңызы жөніндегі ғылыми пайымдарын ұсынды. Белгілі реставратор Қырым Алтынбеков «Алтын адам» бейнесін қайта жаңғырту жұмыстарының ерекшеліктері мен оның қазіргі қоғамдағы мәдени ықпалы туралы баяндады. Ал А. Мектептегінің қорытынды баяндамасында сақ қорғандарының тоналу себептері мен Есік жазуының оқылу мәселелері қарастырылды.Секциялық отырыстарда Есік жазуымен қатар, Еуразия кеңістігіндегі өзге де көне жазба ескерткіштер, олардың өзара сабақтастығы, тарихи-мәдени мұраны цифрландыру, музей ісіне инновациялық технологияларды енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылар археология саласындағы жаңа жетістіктер мен зерттеу нәтижелерін таныстырып, тарихи мұра нысандарының қазіргі жай-күйі мен оларды сақтау жолдарына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар арнайы қарар қабылдады. Құжатта сақ дәуірінің археологиялық ескерткіштері, соның ішінде Есік қорымы Қазақстанның ежелгі тарихын ғана емес, бүкіл Еуразиядағы мәдени үдерістерді зерттеуде маңызды орын алатыны атап өтілді. Сонымен қатар Алтын адам мұрасын зерделеу археологиялық деректерге кешенді талдау жүргізуді қажет ететіні, Есік жазуын басқа көне жазба ескерткіштермен салыстыра зерттеу Орталық Азия мен Еуразия халықтарының ежелгі жазу мәдениеті мен тілдік байланыстарын анықтауға мүмкіндік беретіні көрсетілді.Қарарда археологиялық нысандар мен музей коллекцияларын сақтау жүйелі консервациялау, ғылыми реставрация, құжаттандыру және жауапты музейлендіру жұмыстарын талап ететіні де атап көрсетілді.Құжаттың қорытынды бөлігінде Ұлы даланың археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен таныту үшін ғылыми қауымдастықтың, музейлердің, білім беру ұйымдары мен халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіру қажеттігі айтылды. Қабылданған ұсынымдарды іске асыру археология ғылымын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың заманауи әдістерін енгізуге ықпал ететініне сенім білдірілді.

«Алатау – Ақпарат»

↑