Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы №48 келешек мектебінде «Заманауи білім беру кеңістігі: тәжірибе, инновациялар және болашақ» тақырыбында педагогтердің ауқымды форумы өтті. Іс-шараға жүздеген мұғалім, тәрбиешілер мен оқу орындарының басшылары және білім беру саласындағы сарапшылар қатысты.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева, Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Құлсариева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты филиалының директоры Қайсар Нұрлыбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бір топ оқытушы-профессорлары қатысқан жиынды Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.

– Қазіргі заман білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Цифрлық технологияның дамуы, жасанды интеллектінің кеңінен таралуы және қоғамдағы өзгерістер оқыту мазмұнын жаңартып, педагогтің кәсіби рөлін жаңа деңгейге көтеруде. Біздің міндетіміз – жаңашылдықты қолдау, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және әрбір баланың сапалы білім алуына мүмкіндік беру. Бұл ретте білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдірумен қатар, білім сапасына, тәрбие жұмысына, педагогтердің кәсіби өсуіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы білімді, білікті және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеумен тығыз байланысты. Сондықтан аудан әкімдігі бала тәрбиесі мен сапалы білім беру тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін назардан тыс қалдырмай, білім саласындағы нәтижелі бастамаларға әрқашан қолдау көрсетіп, білім беру ұйымдары және ата-аналар қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етуде.
Бұл форум жаңа идеялардың туындауына, тиімді тәжірибелердің таралуына және болашаққа бағытталған нақты ұсыныстардың қалыптасуына, сол арқылы ауданымыздың білім беру саласын жаңа белестерге көтереді деп сенемін. Ұстаз мәртебесі әрқашан асқақтап, білімді ұрпақтың болашағы жарқын болсын, – деді ол.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова «Заманауи білім беру кеңістігі: Тәжірибе, инновация және болашақ» тақырыбында ауқымды баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аудандағы 49 мемлекеттік мектепте 5052 педагог оқушыларға білім береді. Олардың ішінде 18 педагог-шебер, 173 педагог-сарапшы, 195 педагог-модератор, 55 педагог-зерттеуші, 614 магистр, 15 докторант және 1 ғылым кандидаты бар. Өз қызметін жаңа технологиялармен байланыстырған мұғалімдер жақсы жетістіктерге жетуде.

Мысалы, Өстемір ауылындағы №14 орта мектептің мұғалімі Роза Октябрь – физика және математикадан 3D және STEM-технологиялармен байланысты ғылыми әдістемелер мен инженерлік жобалардың авторы, Талғар қаласы №49 мектептің мұғалімі Бекзат Несіпқұлова – 10-сынып оқушыларына арналған география оқулығының авторы әрі туризм бойынша энциклопедияны құрастырушы. Рысқұлов ауылындағы №16 мектеп педагогы Қайнар Еспембетов – «Алтын түлек» байқауы сарапшылар қоғамдастығының мүшесі, Белбұлақ ауылындағы №32 мектептің сурет және бейнелеу өнері пәні мұғалімі Ғалымжан Сатанбаев – ҚР Сурет академиясы және Еуразиялық дизайнерлер қоғамының мүшесі, информатика пәнінің мұғалімі, STEM-технологиялар саласында жұмыс істейтін жаңа буын педагогы Айнұр Жабаева – 2024 жылдың жыл мұғалімі.
Айнагүл Мұқанқызы бүгінгі жиын жай ғана форум емес, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, озық тәжірибелер, жаңа идеялармен бөлісуге және болашақтағы ортақ міндеттерді айқындауға болатын маңызды кәсіби алаң екенін атап өтті.
– Қазіргі кезде білім беру жүйесі қоғамның даму қарқынына сай жаңарып, жаңа талаптарға бейімделуде. Цифрландыру, жасанды интеллектінің дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер мен ақпараттық технологиялардың кеңінен қолданылуы білім беру мазмұнына, оқыту әдістеріне және педагогтің кәсіби рөліне жаңа міндеттер жүктеп отыр. Білім сапасы тек оқушылардың оқу жетістіктерімен ғана өлшенбейді. Ол – функционалдық сауаттылықтың қалыптасуы, сыни ойлау қабілетінің дамуы, алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуі, өз бетінше шешім қабылдауы және қоғамда жауапкершілікпен әрекет етуі. Сондықтан оқу үдерісінде білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру, оқытудың тиімді әдістерін пайдалану, оқу жетістіктерін жүйелі талдау және білімдегі олқылықтардың алдын алу жұмыстары ерекше маңызға ие. Бұл бағытта білім беру ұйымдарының басшыларына, пән мұғалімдеріне, сынып жетекшілеріне және әдістемелік бірлестіктерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз әрбір оқушының жетістігін назарда ұстап, оның қабілеті мен қызығушылығын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыруымыз қажет. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыруда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудан бастап, орта білім беру және қосымша білім беру ұйымдары арасындағы сабақтастықты нығайту маңызды, – деді ауданның бас мұғалімі.
Оның пікірінше, қазіргі білім беру кеңістігін жаңашылдықсыз елестету мүмкін емес. Инновациялық тәсілдер – тек жаңа технологияларды қолдану емес, ең алдымен оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын жетілдіру, педагогикалық тәжірибені жаңарту және білім алушының оқу үдерісіндегі белсенділігін арттыру. Бүгінгі педагог – бағыт-бағдар беруші, тәлімгер, зерттеуші және оқушының жеке дамуына ықпал ететін тұлға. Осыған байланысты сабақ барысында жобалық оқыту, зерттеушілік жұмыстар, топтық тапсырмалар, саралап оқыту, қалыптастырушы бағалау және цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану өте өзекті. Әсіресе жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде орынды қолдану мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл технологиялар оқу материалдарын әзірлеуге, тапсырмаларды оқушының деңгейіне бейімдеуге және педагогтің уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Дегенмен кез келген технология педагогтің кәсіби пайымын, адами қарым-қатынасын және тәрбиелік ықпалын алмастыра алмайды. Сондықтан цифрлық құралдарды қолдануда академиялық адалдықты, дербес деректерді қорғауды, ақпараттың дұрыстығын тексеруді және балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау, жаңашылдықты мақсат үшін емес, білім сапасын нақты жақсарту үшін пайдалану керек.
Білім беру жүйесінің жетістігі ең алдымен педагогтің кәсіби біліктілігіне, ізденісіне және жаңашылдыққа дайын болуына байланысты. Заман талабына сай педагог үздіксіз білім алып, кәсіби құзыреттерін жетілдіріп, өз тәжірибесін талдап, тиімді әдістерді тәжірибесіне енгізіп отыруы қажет. Осы бағытта педагогтердің біліктілігін арттыру, тәлімгерлік жүйесін дамыту, жас мамандарға әдістемелік қолдау көрсету және тәжірибелі ұстаздардың озық тәжірибесін тарату жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру маңызды. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби қауымдастықтарын қалыптастыру, пәндік және пәнаралық ынтымақтастықты дамыту, сабақтарды бірлесіп жоспарлау және өзара сабаққа қатысу тәжірибесін жетілдіру – ортақ нәтижеге жетудің тиімді жолдары. Әрбір білім беру ұйымында педагогтің шығармашылық бастамасына қолдау көрсетіліп, тәжірибе алмасуға және кәсіби ізденіске қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Ұстаздың еңбегін бағалау, оның кәсіби абыройын арттыру және қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру да білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
– Білім беру туралы сөз қозғағанда, тәрбиенің маңызын ешқашан естен шығаруға болмайды. Білімді, отаншыл, жауапты, еңбекқор және адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Оқу мен тәрбие бір-бірінен ажырамайтын біртұтас үдеріс ретінде жүзеге асырылуы тиіс. Оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды құрметтеу, адалдық, әділдік, өзара сыйластық, еңбекке жауапкершілік және азаматтық белсенділік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше назар аударуымыз керек. Заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыру бір күннің немесе бір адамның міндеті емес. Бұл – ортақ мақсатқа жұмылған, үнемі ізденетін және жаңашылдыққа ұмтылатын кәсіби қауымдастықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі, – деді Айнагүл Үшкемпірова.
Осы ауқымды баяндамадан соң форум жұмысы әрбір педагог үшін белгіленген практикалық секцияларда жалғасты. Жиынның бірінші тақырыптық блогы уақыт сынынан өткен тәжірибелерді жинақтауға арналды. Пікірталас алаңдары аясында жаңашыл мұғалімдер өздерінің әдістемелік жаңалықтарын ұсынды.
Қорыта айтқанда, «Қазіргі заманғы білім беру кеңістігі: тәжірибе, инновациялар және болашақ» форумы педагогикалық қоғамдастықтың кез келген уақыт сынағына дайын екенін көрсетті.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы

