Перейти к содержимому

Үздік мұғалім

29 қаралым

Алматы облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен Қонаев қалалық қазақ орта мектеп-лицейінің ғимаратында облыстық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2026» байқауы өтті. Мақсаты – мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдау, озық тәжірибелері арқылы білім беру сапасын арттыруға үлес қосып жүрген үздік мұғалімдерді анықтау.

Облыстық байқауға аудандық, қалалық іріктеу кезеңінде топ жарған бастауыш сынып мұғалімдері қатысып, кәсіби құзыреттілігін, сабақ беру әдістемесін, шығармашылық ізденісін, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану тәжірибесін, педагогикалық жетістіктері мен кәсіби даму нәтижелерін көрсетті. Қазылар алқасының құрамында облыс­тық әдістемелік орталық дирек­торы Гүлжихан Иманхатова, орынбасары Гүлина Оразәлі, осы орта­лықтың мектепке дейінгі және бастауыш білім бөлімінің әдіскері Айғаным Қанапия, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы Нұрсәуле Иқапқызы, Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының басшысы Берік Асубаев болды.
Бірінші кезеңде қатысушылардың кәсіби қызметтегі жетістіктерін қам­титын электрондық портфолиосы сарапталды. Бағалау барысында педагог­тердің біліктілігін арттыруы, кәсіби байқауларға қатысуы, зерттеу жұмыс­­тарының нәтижелері, әдіс­темелік әзір­лемелері мен жария­ланған құралдары ескерілді. Екінші кезеңде белгіленген сыныпта оқу бағдарламасына сәйкес 20 минуттық ықшам сабақ өткізді. Сабақтың күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкестігі, бағалау критерий­лері мен үйлесімділігі, сабақ бары­сында қолданылған белсенді оқыту әдістерінің қойылған мақсаттарға сәйкестігі, қалыптастырушы бағалау құралдарының тиімді қолданылуы, оқу ресурстары мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың орынды пайдаланылуы қазылар алқасының назарынан тыс қалмады. Үшінші кезеңде бақ сынаушылар инновациялық тәжірибесін оқу-әдістемелік тұрғыдан қолдану жолдарын көрсетіп, оқыту тәсіл­дерінің әдістемелік негіздемесі мен құн­дылығына, идеялары мен мазмұнының жаңашылдығына, практикалық маңызына, нәтижелерді болжау, тәжірибеге енгізу және тарату мүмкіндігіне тоқталды. Соңғы кезеңде қатысушылар берілген тақырып бойынша 3 минут ішінде аудитория алдында сөйлеу шеберлігін паш етті.
Байқау қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіндегі № 1 орта мектеп мұғалімі Мирхан Ысқақова 1-орынды жеңіп алды. Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының атынан қатысқан Дәметкен Хажғали мен Кеген ауданы Ө. Жаңабаев атындағы орта мектептің намысын қорғаған Әзиза Замкенова екінші орынды өзара бөлісті. Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы жайлы мектептен келген Шынар Мейрамғазықызы, Балқаш ауданы Ақдала орта білім мектебінің қатысушысы Индира Ерік, Талғар ауданы № 43 орта мектебінің ұстазы Ғалия Мұратбаева жүлделі үшінші орынға ие болды.
– Бұл байқау әр сабақтың артында үлкен жауапкершілік пен зор мүмкіндік тұрғанын тағы бір мәрте сезіндірді. Мұғалім болу – мамандық қана емес, ұлт болашағына жол ашатын қасиетті миссия. Сондықтан ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастыруға ерекше мән беруіміз керек. Оқу-тәрбие үдерісінде «Адал азамат» құнды­лықтарын басшылыққа ала отырып, шәкірттерімнің бойында адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, жауапкершілік, мейірімділік қасиет­­­терін қалып­тастыруды басты мін­детім санаймын. Уақыт талабына сай жасанды интеллект пен цифр­лық технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді орынды пайдалану арқылы оқыту үдерісін жандандыруға ұмты­ламын. Ұстаз еңбегінің нәтижесі – тұтас ұжымның қолдауы мен шәкірттің сенімінен туындайтын ортақ жеңіс, – деді облыстың үздік бастауыш сынып мұғалімі атанған Мирхан Абақызы.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы

↑