«Тәуелсіздік» – кез келген халық үшін ең қымбат, ең қасиетті ұғым. Ал сол тәуелсіздіктің, дербес мемлекеттіліктің айшықты белгісі, еліміздің егемендігін әлемге паш ететін басты құндылығымыз – Мемлекеттік рәміздеріміз. Ту, Елтаңба және Әнұран – әрбір азаматтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялататын, елдік пен бірліктің мызғымас тірегі.
Жуырда елімізде өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздердің маңызы мен тарихын ұғындыру мақсатында «Қазақстан Республикасының рәміздері – менің мақтанышым!» атты танымдық-тәрбиелік шара болып өтті.
Алатау қаласындағы Жетіген ықшамауданы №4 орта мектепте өткен бұл іс-шараның тағылымы мол. Сөз басын мектеп директоры Светлана Жұмабекқызы бастап берді. Әрі қарай тәрбие орынбасарлары Әсия Татарова мен Әсемгүл Сембай оқушыларға бұл күннің тарихынан, тәлімінен кеңірек ақпарат берді.
Тағылымды шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болып, ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысқан Сымбат Бейбітқызы, Самал Талғатқызы, Асел Маратқызы, Самал Талғатқызы, Жазира Махсотқызын айрықша атап өткен жөн.
Танымдық шара барысында қатысушылар еліміздің мемлекеттік рәміздерінің шығу тарихына, олардың бойындағы терең мағынаға бойлады. Қазақстан Республикасының Көк туы – ашық аспанның, тыныштық пен бейбітшіліктің белгісі. Ондағы шұғылалы күн мен қалықтаған бүркіт – азаттық пен биік армандардың, ал қапталдағы ұлттық өрнек – халқымыздың бай мәдениетінің көрінісі. Ал Ту авторы Шәкен Ниязбековтің туындысы 1200-ден астам жобаның арасынан озық шығып, бүгінде халықаралық аренада еліміздің жеңіс байрағы ретінде биіктен желбіреп тұр.
Сондай-ақ жиында Мемлекеттік Елтаңбамыздағы әрбір детальдың мән-мағынасы түсіндірілді. Мәселен төріміздегі шаңырақ – ортақ үйіміз бен ел бірлігін, оған уық болып қадалған халықтың тұтастығын, ал қанатты тұлпарлар – жүйрік уақыт пен биік мақсаттарды бейнелейді. Ал Мемлекеттік Гимн шырқалғанда, әрбір қатысушының бойын ерекше тебіреніс пен мақтаныш биледі.
Шара аясында қатысушыларға арналған «Құпия агент» интерактивті тапсырмалары мен тарихи викториналар ұйымдастырылды. Логикалық сұрақтар арқылы қатысушылар ұлттық валюта – теңгенің шығу тарихын, Ата Заңымыз – Конституцияның маңызын, Абай мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ағартушылардың өсиеттерін, сондай-ақ ел тарихындағы елеулі оқиғалар мен астаналар шежіресін жаңғыртты.
Шараны ұйымдастырушылар – Сымбат Бейбітқызы, Самал Талғатқызы, Әсел Маратқызы, Самал Талғатқызы және Жазира Махсотқызы өздерінің еңбекқорлығы мен шығармашылық ізденісінің арқасында жастарға рух беріп, олардың Отансүйгіштік сезімін арттыра білді.
Рәміздерге құрмет – елге, жерге, тарихқа деген құрмет. Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу, олардың мән-мағынасын өскелең ұрпаққа ұғындыру – бәріміздің ортақ азаматтық борышымыз. Көк туымыз әрдайым бейбіт аспанымызда желбірей берсін!
Риза САУРБАЕВА
Алатау қаласы

