Алматы облысында жасы 100-ден асқан 36 қария бүгінгі саяси науқанға белсене қатысып жатыр. Олардың бірқатары өз таңдауын жасап үлгерді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ғасыр жасаған қарттардың тілек-ниеті, арман-мақсаты бір – барлығы да тәуелсіз Отанымыздың тұтастықта, еліміздің ауызбірлікте болғанын және кейінгі жас ұрпақтың бейбіт заманда өмір сүргенін қалайды.
Қос ғасырдың куәгерлері үйлеріне келген сайлау комиссияларының өкілдерін қуана қарсы алып, кандидаттарға таңдау жасауда. Мәселен, Қонаев қаласының қарт тұрғыны, 104 жастағы әже №937 сайлау учаскесінің мамандарына түске дейін үйінде отырып дауыс берді.
«Елімізде бейбітшілік пен ынтымақ болсын!» – деп ақ батасын арнаған Мұхсина әже теледидардағы бағдарламаларды, мерзімдік басылымдарды көз алмай қарап отыратынын, әрбір үміткердің сайлауалды бағдарламасымен жете таныс екенін айтты.
Мұхсина әже еліміздегі және өңірдегі саяси-мәдени шараларға белсенді қатысып, өз пікірін білдіріп отырады. Қарт кейуана тіпті жүрегіне жақын кандидатты таңдап та қойған. Бүгінгі сайлауда көпті көрген әже өз дауысын беріп, шаңырағына енген ұл-қыздарға ақ батасын арнады.
«Осы жасыма жеткенше қоғамдық іс-шаралардан тыс қалған емеспін. Соңғы 70-80 жыл көлемінде өтіп жатқан саяси науқанның барлығына куәгермін. Сайлаудың бірде-бірін назарымнан тыс қалдырмадым. Биылғы сайлаудың жөні бөлек. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан орнатамын деп жатыр. Бүгінгі сайлау – Жаңа Қазақстанның алғашқы қадамы. Әлемде, елімізде бейбіт заман болсын. Жас ұрпақ бақытты өмір сүрсін», – дейді ғасыр-әже.
Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы облысындағы ғасыр жасаған 36 қарияның 11-і Талғар ауданында, 10-ы Еңбекшіқазақ ауданында, 6-уы Қарасай ауданында тұрады. Сондай-ақ, Жамбыл, Райымбек, Іле аудандарында да екі-екіден жүз жасаған қария бар. Ал Балқаш, Кеген аудандары мен Қонаев қаласында 100-ден асқан үш қария бар.