Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен алғашқы сессиясында сөз сөйлеп, депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі еселенгенін айтты.
«Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте, депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан, осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі, ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сайлау науқанына өте көп адам қатысқанын атап өтті.
«Бұл – қалыпты үрдіс. Олардың арасында мақсаты, ұстанымы әртүрлі жандар бар. Қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауаты жоғары. Кез келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтсақ, ұзақ мерзімді, жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл – үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік. Баршаңызды Қазақстан мүддесі үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Alatau News