Перейти к содержимому
Главная страница » ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Осыған орай Құйған ауылдық округінде тұрғындарға «Заң мен тәртіп – қуатты мемлекеттің негізі» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Балқаш аудандық полиция бөлімінің Құйған ауылы бойынша учаскелік инспекторы Дәулет Таукембаев қатысып, ауыл жұртшылығымен кездесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Кездесу барысында қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау және заң талаптарын орындаудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет-алаяқтық фактілеріне ерекше назар аударылып, тұрғындарға алаяқтардың түрлі айла-тәсілдері туралы ақпарат берілді. Азаматтарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу қажеттігі ескертілді.
Шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау саласына қатысты мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Полиция қызметкері заң талаптарын сақтау әр азаматтың міндеті екенін атап өтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігінің маңызы зор екенін жеткізді.
Мұндай кездесулер халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтып қана қоймай, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға және қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті сақтауға ықпал етеді.
Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, қоғамның дамуына берік негіз қаланады. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс.


Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы