Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы бес жылға арналған Кешенді жоспарын әзірлеу жұмыстары басталып кетті.
– Жоспардың іс-шараларына шамамен 2 трлн. теңге бюджет қаржысы және жеке инвестиция тарту көзделіп отыр, – деп мәлімдеді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстық мәслихаттың алғашқы сессиясында.
Алматы агломерациясы келешекте бас жоспарларға сәйкес дамиды, ол мақсатта Алматы мен Қонаев қалалары арасындағы «G4 City» спутник-қаласының құрылысы басталмақ.
«G4 City» аумағына ірі шетелдік инвесторларды тарту үшін 30 мың гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ құрылды. Азық-түлік, тоқыма, былғары, қағаз өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіру, логистика салаларындағы жобалар басым бағыттар болып бекітілді.
25 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақта 3,7 трлн теңге инвестиция тартылып, 3,2 трлн. теңге салық түседі, 34 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.