Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «CPG International» компаниясының өкілдерін қабылдады. Сингапурлық қонақтарды жылы қарсы алған әкім өз сөзінде 1970 жылы іргетасы қаланған бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласының негізгі тірегі ГЭС болғанын, ол бүгінгі таңда да жұмыс істеп тұрғанын, мұнда күн, жел энериясы да жақсы дамығанын атап өтті.
Ендігі кезекте жаңа облыс орталығының құрылысына ден қойылатынын жеткізіп, ондағы ең басты екі жобамен таныстырды.
Қазақстанға алғаш келген сингапурлықтар жылы қабылдағаны үшін облыс әкіміне алғыс білдірді.
– 190 жылдық тарихы бар «CPG International» – Азиядағы ең ірі инженерлік компаниялардың бірі. АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан және т. б. мемлекеттерді қоса алғанда, әлемнің 20-дан астам елінде филиалдарымыз бар. Компания әуежай, көпір, теміржол, туннель, медицина мекемелері, оқу орындары мен сот ғимараты, галерея сияқты нысандарды жобалауға және салуға маманданған. Мысал келтіретін болсақ, Вьетнамдағы халықаралық «Дананг» әуежайы, «Тан Ток Сенг» ауруханасы және Сингапурдағы «Чанги» әуежайы біздің еңбегімізбен бой көтерген», – деді компанияның бас атқарушы директоры Винсент Ло.
Сондай-ақ, шетелдік өкіл «CPG International» кадрларды даярлаумен және дамытумен айналысатынын және бүкіл әлем бойынша бірқатар университеттер мен ғылыми институттардың серіктесі екенін, компания жобалау жұмысымен ғана емес, инвесторлар тартумен де айналысатынын айта кетті.
Компанияның жұмысымен жете танысқан Марат Елеусізұлы қандай істің де нәтиже беруі оның бастапқы жобасының дұрыс құрылуына, сапалы жасалуына байланысты екенін атап өтті. Осы орайда қайта түлейтін шаһардың қай тұрғыдан болса да даму мүмкіндігі мен әлеуетінің зор екеніне тоқталды.
– Облыс аграрлы аймақ саналады. Алайда, Алматы сынды алып қаламен, жақын шет елдермен шекаралас орналасқандықтан логистика, тауар айналымын дамытуға қолайлы мекен. Сондай-ақ, қандай да бір құрылыс жүргізуге де мүмкіндік мол. Мәселен, бір ғана G4 City құрылысына 111 мың гектар жер бөлінді. Сол себепті, біздің аймақта түрлі ұтымды жобаларды жүзеге асыруға болады, – деді облыс басшысы.
Қос тарап өзара пікір алмасқан соң, сәулет-құрылыс жобалау жұмыстары мен білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жобаларды іске асыру үшін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қонаев қаласы