Қонаев қаласында облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның 2023 жылғы алғашқы отырысы өтті. Отырыста мынадай жоспарлы үш мәселе қаралды: кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік танытудың алдын алу, мектеп психологтарының жұмыс істеу тиімділігі, 3 айдағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жай-күйі.
Биыл облыс аумағында балаларын тәрбиелеу, асырау және оқыту бойынша өздерінің ата-аналық міндеттерін тиісті орындамағандары үшін Кодекстің 127 бабымен 297 ересек адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2 адам атааналық құқықтарынан айырылып, тағы бірінің ата-аналық құқығы шектелген.
Осы сынды жайсыз оқиғалардың алдын алу үшін биыл аймақтарда ювеналдық полиция өкілдері білім беру органдарының қызметкерлерімен бірлесіп тұрақты негізде 71 рейдтік іс-шара өткізген. Жасөспірімдердің арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және заңға бағынушылықты қалыптастыру мақсатында құқықтық тақырыпта 650 дәріс оқылып, балалардың жолдағы, тұрмыстағы және бейтаныс тұлғалармен қарым-қатынастағы қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылы басталғаннан бері білім беру мекемелерінде 2 мыңнан астам жадынама мен буклет таратылған.
«Арнайы қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға әсер ететін 637 құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметі басқармасы мен облыстағы қала, аудандарда білім беру органдарымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізу тәжірбиесі одан әрі жалғасады», – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Айдын Қалиев.
Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызының сөзінше, соңғы кезде білім беру жүйесінде психологиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға назар аударылуда. Мектептегі психологиялық қызметтің негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының жеке тұлға ретіндегі қалыптасуына, олардың шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуына, қабілеттері мен бейімділіктерінің дамуына көмектесу, олардың психологиялық ерекшеліктерін терең зерттеу, оқушылардың психикалық дамуындағы ауытқушылықты, кешеуілдеуді болдырмаудың жолдарын іздестіру. Қазіргі таңда облыс бойынша білім беру ұйымдарында 842 педагог-психолог жұмыс істейді. Педагог-психологтар жұмыс жоспарына сәйкес, биылғы оқу жылында профилактикалық жұмыстар есебінде түрлі деңгейдегі 2151 сауалнама, 4530 тренинг, тұрақты кеңестер мен іс-шаралар өткізген. Түзету-дамыту, ағарту-профилактикалық бағыттар бойынша «Пікірталас – ұрыс емес», «Мектептегі буллинг», «Жасөспірімдер өміріндегі буллинг пен кибербуллинг», «Жыныстық тиіспеушілік», «Әлімжеттік пен бопсалаушылықтың алдын алу», «Ғаламтор мен компьютерге тәуелділік», «Өмір қымбат, қауіпке жол жоқ» тақырыптарында нұсқаулық кеңестер, сұхбат, психологиялық түзету сабақтары ұйымдастырылды. Оған жалпы саны 120 мыңнан астам оқушы тартылған.
Алайда ата-аналар мен оқушылардың дені психологиялық көмектен қашатын көрінеді. Ал баяндамашы психологиялық қызметтердің жұмысындағы негізгі қағида құпиялық екенін, психологиялық көмекке жүгінуден қорықпау керегін атап өтті. «Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жайттардың алдын алу үшін психологтардың жұмысын жолға қоюмен қатар, арнайы жауапты органдар мен білім мекемелері арасындағы жұмысты нығайту керек деп ойлаймын», – деп сөз соңында ұсыныс білдірді Гүлсара Тастандықызы. Бұл пікірге қосылған «Азаматша KZ» қайырымдылық қорының жетекшісі Мадина Сауытбекова: «Қоғамдық ұйымдар мемлекеттік ұйымдармен бірге жұмыс істеуі керек. Мәселе қоғамға ортақ. Сол себептен бірлесе жұмыс жасау ғана нәтижелі болады деп есептеймін», – деді.
Жиын соңында комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кеңесұлы: «Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне, зорлық-зомбылық пен суицидке жол бермеу және олардың санын азайту. Осы бағытта нәтижелі істер атқарылу керек», – дей келе, аудандар мен Қонаев қаласының әкімдеріне, облыстық полиция департаменті мен білім басқармасына жоспарға сәйкес нақты тапсырмалар берді.
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,
Қонаев қаласы