Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев Тасашы, Ақтасты ауылдарының тұрғындары алдында есеп берді. Онда өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырып, биыл атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кездесуді аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман жүргізіп отырды. Жиынға мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Медет Исаев өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешімін тапқанын тілге тиек етті.
– Өңірде жол, құрылыс, тұрғын үй саласы бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Өткен жылы Тасашы орта мектебі жанындағы интернатына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, ауылға әкімдік ғимараты салынды. Тұрғындар тарапынан ауызсу мәселесі жиі көтерілген болатын, ол да шешімін тауып, алдағы уақытта жұмыстар жалғасатын болады. Тасашы ауылына ауызсу жүргізу үшін 626 млн 300 мың теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар Тасашы ауылдық округі бойынша көше жарық шамдары толық орнатылып, Тасашы, Ақтасты ауылдарында Жастар саябағы салынды, – деді ол. Сондай-ақ Тасашы ауылындағы екі қабатты көппәтерлі ғимараттың шатырын ауыстыру жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізіп, мердігер компания өкіліне бірқатар сын-ескертпе жасады.
Есеп беру барысында аудан әкімінің орынбасары ауызсу, құрылыс, жерді тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелер, жұмыспен қамту, шағын несие беру, денсаулық сақтау, білім беру сияқты салалар бойынша толыққанды мәлімет берді.
Тұрғындар да өз өтініш-тілектерін ортаға салды. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рамазан Мырзағалиев ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен малдәрігерлік жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтты. Ауыл тұрғындары Жеңіс Қарабалаев, Бақберген Ибрайымов ауызсу мәселесінің жай-күйін көтерсе, Венера Ташиева көппәтерлі ғимараттың шатырын сапалы етіп ауыстырса деген ұсынысын жеткізді. Медет Шайытханұлы тұрғындардың тарапынан түскен сауалдарға жауап беріп, тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ жиын барысында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман салынып жатқан ауызсу құрылыс жұмыстарының сапасына баса назар аударсақ деген ұсынысын жеткізді.
Кездесуден соң Кеген ауданы әкімінің орынбасары жеке қабылдау өткізді. Онда жас маман Ахмет Ұлпан жеке кәсіп ашу үшін грант алуға өтінішін білдірді. Жеке қабылдауда айтылған өтініш бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма берілді. Бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табатын болады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
