Бәрі аяқ астынан болды. Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасындағы шекарашылар жайлы фильм түсіріліп жатқан таулы шекара бөлімшесінің аумағы қарбаласқа толып кеткен. Әлемге әйгілі Димаштың бірнеше клипін түсірген режиссер досы Ғалым Асылов бастаған түсірілім тобы өздерінің жұмыстарына қызу кіріскен. «Мотор! Камера! Бастадық!», – деген екінші режиссердің дауысы бөлімшенің жайшылықтағы тыныштығын дар-дар айырып жатқандай әсер қалдырады. Тіпті, бітпейтіндей көрінген…
Міне осындай қайнап жатқан жұмыс бір сәтке саябыр тапқан тұста мен бөлімше бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары лейтенант Нұрдәулет Ахатаевпен сұхбаттасу үшін ішке кірдім. Бірақ ақпарат және тәрбие жұмыстарына арналған бөлменің тұсына келгенде еріксіз тұрып қалдым. Неге дейсіз бе? Мұнда жүректі баурап алатын әдемі әуен төгіліп жатыр еді. Сарбаздың анасына, доп қуалап, кептер ұшырған қамсыз балалық шағына деген ыстық сағынышы жайлы. Әсіресе әуезді әнді мінсіз орындаған әншінің дауысы тәнті еткен. Бейне бір, сахна төріндегі кәсіби әншінің өнерін тамашалағандай әсер қалдырады…
Сондықтан, бұдан әрі «шыдап» тұру мүмкін емес еді. Есікті серпе ашып кіріп келген мені ортада отырған әншіні қоршаған бес-алты сарбаз қарсы алған. Қызметтен оралғаны бар, қызметке дайындалып жатқаны бар, барлығының бар зейіні ортадағы қаруластарына қадалған. Ал әнші… Мені көре салып, дереу сымша тартыла қалған сарбаздармен басымды изеп амандасқан соң әншіге бұрылдым. Сосын гитарасын құшақтаған күйі үнсіз тұрған әншіге: «Жарайсың, бауырым! Әнің де, дауысың да тамаша екен! Маған ұнады», дедім. Сол-ақ екен, көздері күлімдеп сала берген сарбаз: «Рахмет, тілші ханым. Шынымды айтсам, үйді сағынған кезде осылай ән салатыным бар еді», деп ағынан жарылған. «Ал мұндай сәттер жиі болып тұра ма», дедім қулана… Сарбаздың сымбатты жүзіне лып етіп қызыл жүгірген… Осы кезде сырттан: «Мотор! Камера! Бастадық!», – деп саңқылдап шыққан дауыс түсірілім тобының үзілісі аяқталғанынан хабар беріп еді. Алайда, болашақ мақаламның кейіпкерін тапқанымды түсінген мен өзімнің шекарашылар жайлы түсіріліп жатқан «Таймас» фильмінің консультанты екенімді «ұмытып» сарбазбен сұхбаттасуды шештім.
Қатардағы жауынгер Әлихан Кәрімқұлов. Шекарашылар сапына 2025 жылдың күзінде алынып, Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының оқу базасында алғашқы әскери дайындықтан өткен соң қызмет ету үшін осында жіберіліпті. Өзі Алматы облысының Қаскелең қаласынан екен. Болашақ заңгер. Дәлірегі, ол әскерге Шымкент қаласындағы С.Тәшенов атындағы университеттің 1 курсынан кейін алыныпты. Бұл туралы Алихан:
– Алдымен өз қатарластарыммен бірге азаматтық борышымды өтеуді қаладым. Жаспын. Әлі оқып та, өз мамандығым бойымша жұмыс істеп те үлгеремін. Ата-анам да менің бұл ойымды қолдады. Негізі, шекарашылар сапында қызмет етсем деген арман бұрыннан бар еді. Өйткені, мен туып-өскен қала шекаралық аймақ саналғандықтан, мұнда шекарашыларды жиі көретінмін. Сондықтан, азаматтық борышымды шекара шебінде өтеуге өзім тілек білдіріп, қашан мақсатыма жеткенше тоқтаған жоқпын, — дейді.
– Дұрыс екен. Әлихан, сенің бойыңдағы талантқа қарап, киелі сахнаға шыққаныңа күмәнім жоқ. Әншілік қабілетің туралы айтып берші.
– Әншілік қабілет дейсіз бе?.. Шынымды айтсам, мен өзімнің бойыма біткен талантымды сыртқа шығарып, танымал болуды ойламаппын… Мектеп қабырғасында жүргенде гитара шертуді үйрендім. Содан бері достарыммен кездескен кездері немесе қызметтен тыс уақытта осылай ән салатыным бар. Айтпақшы, 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай, Нарынқол ауданының орталығындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік концертте сарбаздардың ең жақсы көретін әнін орындадым. Керемет орындадым деп айта алмаймын, бірақ көрермендердің қол соққандарына қарап, әнімнің ұнағанын түсіндім.
– Әскери қызметің, жалпы шекарашылардың өмірі қалай?
– Мен шекарашылардың ел шебіндегі қызметінің ерекше екенін айтар едім. Өйткені, бізге жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Әскери қызметімнің аяқталуына санаулы айлар қалды. Білесіз бе, менде қазірден қимастық бар. Бірақ оқуымды бітіріп, таңдаған мамандығым бойынша жұмыс істеуге тиіспін. Ал шекара… ел шебінде өткен күндерім мен түндерім, осында тапқан достарым менің жүрегімде мәңгі сақталып қалады.
Осылай деп, ағынан жарылған сарбаздың жан дүниесінде болып жатқан арпалыс сезімді түсіндім. Түсіндім де үнсіз басымды изеп, сұхбаты үшін алғыс білдірдім. Өйткені, ол өзінің азаматтық борышына адал екенін өзінің жүрегінен шыққан әні арқылы білдіріп еді…
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті
