Алматы облысы әкімінің өкіміммен, Қазақстан Президенті әкімшілігінің келісімімен Нұрлан Ерғалиұлы Әбдірахым Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Нұрлан Ерғалиұлы 1980 жылы туған, білімі жоғары, 2001 жылы «Қайнар» университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесін алған.
Әр жылдары «Астанаэнергосервис» ААҚ тұтынушылармен жұмыс жөніндегі қызметтің жеке тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің №2 абоненттік учаскесінің бақылаушысы, «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ЖАҚ тағылымдамашысы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, директорының орынбасары, Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаментінің директоры, Заңға тәуелді актілер департаментінің директоры, Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кеңесшісінің міндетін атқарушысы болып қызмет атқарған.
2012-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2019-2021 жылдары Қазақстан Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымдарын атқарды.
2021 жылдың мамыр айынан Қазақстан Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
«Құрмет» орденінің иегері.