Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында бүгін, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай салтанатты шара өтіп жатыр.
Орталық алаңдағы концертке жиналған жұрттың қарасы мол. Түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, ән шырқап, өнер көрсетіп жүр. Бұдан бөлек, алаңда әр ұлттың тарихынан, мәдениетінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырылған. Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, жұртшылықты құттықтады.
«Бұл мереке – біздің халықтың ынтымағы мен бірлігінің, берекелі тірлігінің нәтижесі. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген ата-бабаларымыздың асқақ арманының орындалғаны», – деді әкім Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі жуырда өткен Қазақстан халқы ассамблеясының 32-сессиясы жайлы да сөз етті.
«Президентіміз: «Халқымыздың ынтымақ-бірлігі – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет» деп атап өтті. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің басты байлығымыз. Сол құндылықты қастерлеу – баршамыздың қасиетті парызымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны көздің қарашығындай сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір азаматтың міндеті. Халық бірлігі мерекесі күні еліміз ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Мереке құтты болсын!», – деді өңір басшысы.
Alatau News