Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмырында өзіне жүктелген мемлекеттік қызметті мінсіз атқарып, халықтың жүрегінен өшпес орын алған Жолан Омаровтың есімін елі ұмытқан жоқ. «Халқымның бағы – өз бағым» атты Жолан Омаров атындағы мемлекеттік қызметшілер байқауы соның бір дәлелі.
Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Асхат Тәкебаев, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев сөз алып, Жоланның жүріп өткен жолы жастарға өнеге мен тәлім екенін айтты. Райымбек пен Талғар аудандарын абыроймен басқарып, ел алғысына бөленгенін емірене еске алды.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы бәсекеге ауылдық, аудандық әкімдіктерден құралған 10 команда бақ сынады. Қатысушылар білімі мен білігін ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша, 1-орынды Іле аудандық «Жеті қазына» командасы иеленді. Екінші жүлде Талғар ауданының «Қағанат» командасына бұйырды. Ал 3-орынға облыстық әділет департаментінің «Фемида» командасы қол жеткізді. Жеңімпаздарға сыйлықтарды Жолан Омаровтың туған-туыстары тарту етті.
Жолан Ыбырайақынұлы Омаров 2020 жылы Талғар ауданының әкімі қызметінде жүріп, қырықтан енді ғана асқан шағында пневмониядан қайтыс болған.