Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізді. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға төрағалық еткен Мемлекет басшысы Ресейдегі жағдайға байланысты берген тапсырмаларын орындау шаралары туралы Премьер-министрдің, Бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Қорғаныс, Ішкі істер және Сыртқы істер министрлерінің баяндамаларын тыңдады.
«Бұл оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екеніне қарамастан, аталған жағдайға еліміздің азаматтары алаңдаушылық танытты. Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Президент Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей билігінің конституциялық тәртіпті орнату және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларын қолдайтынын білдірген. Жиында Мемлекет басшысы Ресейдегі әскери іс-қимылдарды тоқтату жөніндегі келісімді құптайтынын жеткізді.
Президент кез келген мемлекеттің ішкі саясатында, соның ішінде Қазақстанда да, қоғамдық тәртіп пен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі қағидаты басты басымдық болуға тиіс екенін айтты.
Жиында еліміздің қаржы-экономикалық тұрақтылығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екені атап өтілді. Президент барлық ведомство басшыларына дағдарыс жағдайындағы ықтимал қатерлерге қарсы әрекет етуге дайын болуды тапсырды.
Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет әзірлеген шұғыл іс-қимыл жоспарын мақұлдады.